20 қазанда көлік әкелудің жаңа тәртібі күшіне енеді

20 қазаннан бастап елімізге көлік әкелудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Жеке тұлғалар енді автобус пен жүк көлігін Қазақстанға кіргізе алмайды. Бұл шешім Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық регламентіне енгізілген түзетулерге байланысты қабылданып отыр. Басты мақсат – көлік қауіпсіздігі мен нарықты реттеу, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қарапайым азамат тек жеңіл көлік, мотоцикл, квадроцикл сияқты жеке қажеттілікке арналған техниканы ғана рәсімдей алады. Ал автобустар мен жүк көліктерін енді тек компаниялар импорттайды.
– Еуразиялық экономикалық комиссияның №74 шешімі бар, бұл шешімде арнайы тізбе бар. Онда жеңіл автомобильдер, квадроциклдер, қарда жүретін көліктер, мотоциклдер, 12 адамнан аспайтын моторлы көліктер және 5 тоннадан аспайтын жүк тасымалдауға арналған көліктер жатады. Аталған тізбедегі көліктерге қауіпсіздік туралы арнайы құжаттама беріледі. Бұл сырттан әкелінетін импорт көліктерін азайтады, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы Гүлжан Әкімбек Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанға автобус пен жүк көлігін әкелуге жеке кәсіпкерлерге және компанияларға рұқсат етіледі, оларда да көлік құралын мақұлдау туралы арнайы құжаттама болуы керек.
– Жеңіл көлік әкелу тәртібі де аздап өзгерді, көлік құралының қауіпсіздігі туралы құжат керек. Онсыз кедендік рәсімдерден өте алмайды, электронды көлік паспортын ала алмайды, мемлекеттік тіркеуден өте алмайды және кәдеге жарату алымын төлей алмайды, – деді министрлік өкілі.
Айта кетейік, 15 қазаннан бастап Шымкентте артық жүк артқан жүк көліктері автоматты түрде анықталады.