Мәдениет

Қарттар қасиетін әспеттеген кеш

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Халықаралық қарттар күніне арналған кеш өтті. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысқан кеште өнер майталмандары мен жас өнерпаздар қарияларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қарттарды құттықтау сөзінде олардың ел мен елордаға сіңірген ерен еңбегін, Отанға қызмет етудегі адалдығын айрықша атап өтті. Зейнетке шыққан Астананың алғашқы құрылысшыларының есімі құрметпен аталатынын, бүгінде де зейнеткерлердің біразы елорда өміріне белсенді араласып, бас қаланың көр­кеюі мен гүлденуіне үлес қосып келе жатқанын айтты. Қарттар асыл дәстүрлерді сақтаушы, қайсарлық пен мейірімнің, қамқорлықтың үлгісі екенін, өнегелі жолдары жас ұрпаққа бағыт-бағдар сілтейтінін айта келе, қала әкімдігі мен қалалық Ардагерлер кеңесі қарияларды қолдау мақсатында барлық ауданда Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын, геронтология кабинеттерін ашқанын, шипажайларға жолдама беретінін жеткізді. Сөзін ақжарма тілегімен қорытындылады.

Концертте қарттардың сү­йікті әндері, қанша уақыт өтсе де, ескірмейтін туындылар әуеледі. Атап айтқанда, халық әндерінен бастап, Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов секілді көрнекті композиторлардың шығармалары шырқалды. Бұған қоса, Арно Бабаджанян мен Муслим Магомаевтың әйгілі әндері ұсынылды. Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Нұржамал Үсенбаева мен Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясованың сахнаға шығуы қарияларға үлкен сый болды. Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан Сағи Жиен­баевтың өлеңіне жазылған Дос­хан Жолжақсыновтың «Ауыл қарттары» әнімен қарттардың қасиетін әспеттесе, ата-анаға деген құрметке шақыратын, алтын бесік – ауылды сағындыратын шығармалар ұсынылды. Жалпы алғанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахым мен Естай Мұқашев, мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Мұратбек Хайролда мен Ақбота Құснадин, белгілі әнші Фарида Жолдасова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Шаһризада Тыныштық, Фируза Рахметова, Әділ Сұлтан, Белал Қуаныш, Қымбат Жамбылбек, Алтыншаш Мұқатаева, Айдын Жұмабай, Әкімхан Мәженов, Алтынбек Арыстанбек, Нұрсәт Алмас өнер көрсетіп, қарттардың құлақ құрышын қандырып, жансарайын ашты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button