Астанада бойжеткен ірі көлемде есірткімен ұсталды

Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде полицейлер 23 жастағы тұрғынды үйінде ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін ұстады. Жедел іс-шаралар прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан есірткі қылмыстарына қарсы кешенді шаралардың 30 күндігі аясында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бойжеткен өз үйінің кіреберісінде «қоймаға» жасырын есірткі қалдыруға дайындалып жатқан сәтінде ұсталды. Жеке тінту кезінде одан ерекше иісі бар, мефедрон болып табылатын ақ түсті зат салынған 40 түйіншек табылды.
Кейін пәтерін тінту барысында полицейлер тағы жарты келі мефедрон, сондай-ақ шкафтан есірткіні бөліп-орауға арналған электронды таразы мен құрал-жабдықтарды анықтады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті «қойма» рөлін атқарған — есірткі партияларын қабылдап, сақтап, кейін интернет арқылы тарататындарға берген. Ол Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Полиция есірткіні сақтау, тарату және делдалдық жасау — ауыр қылмыс, ол үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Айлық аясында «Астана – есірткісіз қала» ұранымен рейдтер, тексерістер және профилактикалық іс-шаралар жалғасуда.
Еске сала кетсек, Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасып жатыр.
Құқық қорғаушылар бірлескен рейдтер, оқу орындарында профилактикалық кездесулер, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп келеді.
Мұндай іс-шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысы мен қоғамдық қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлерге қарсы бірлескен күресті күшейтуге ықпал етеді.