Басты ақпаратҚұқық

Мемлекеттік қызметтер қолжетімді

Қоғамда құқықтық көмек көрсетуге, «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге қатысты біршама жұмыс жүргізілуде. Осы орайда қала тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы кеңірек түсіндіру үшін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің басшысы Берік БАЙСЕЙІТОВ қысқаша сұхбат берген еді.

– Бүгінде қалалықтарға қажетті қандай қызметтер қолжетімді?

– Өздеріңізге белгілі, жұмысқа орналасу кезінде, мемлекет аумағынан шығу немесе шетелге баруға рұқсат алу барысында соттылығының бар немесе жоқ екенін дәлелдейтін анықтама талап етіледі. «Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама» электронды форматта беріледі, себебі Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келетін электронды құжаттың қағаз құжатпен бірдей заңды күші бар. Алайда шетелге шығу үшін бұл анықтама қағаз түрінде қажет. Аталған мемлекеттік қызметті алу үшін құжаттарды тапсыру, өтініш беру және нәтижесін алу процестері www.egov.kz «электрондық үкімет» веб порталы және оның мобильді қосымшасы – «eGov mobile» арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі – ХҚКО) филиалдары (бөлімшелері) арқылы да алуға болады.

– «eGov mobile» қосымшасы арқылы қызмет алу өте ыңғайлы әрі жылдам. Бұл анықтаманы алу үшін қызмет алу тәртібі қалай жүзеге асады?

– Қазір көптеген қызмет халықа қолжетімді. Егер осы қызметті таңдасаңыз, мына үлгіде әрекет ете аласыз:

  1. Қосымшаның «Қызметтер» бөлімін таңдаңыз;
  2. «Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама беру» қызметін таңдаңыз;
  3. «Өзіңізге» немесе анықтама кәмелетке толмаған балаларыңызға қажет болса, «Балаңыз­ға» екенін көрсетіңіз;
  4. Анықтама алу мақсатын көрсетіңіз:

* Егер жұмысқа орналасу немесе мемлекеттік органға тапсыру үшін қажет болса, «Анықтама (электронды нысанда)» таңдаңыз. Электронды нысандағы анықтама «eGov mobile» қосымшасында» «Хабарламалар» бөліміне түседі.

* Шетелге шығу үшін қажет болса, «Шет елге шығу үшін анықтама» таңдаңыз.

* Егер шетелге шығу үшін және анықтаманы талап етуші шетел мемлекеті Гаага конвенциясына (1961 ж.) қосылған жағдайда, «Шет елге апостильмен шығуға арналған анықтаманы» таңдаңыз. Ресми құжаттарға апостиль қою үшін мемлекеттік баж 0,5 АЕК құрайды, яғни әрбір құжат үшін 2024 жылы 19666 теңге алынады.

  1. Қызмет алушы жақын орналасқан ХҚКО филиалын таңдап, дайын анықтаманы қағаз түрінде алып кете алады. ХҚКО арқылы қызмет алу кезінде төмендегідей құжаттар қажет:

* Жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік немесе паспорт);

* Анықтама беру туралы арыз;

* Нотариалды куәландырылған сенімхат (егер өтінішті басқа адам берсе);

* Егер аты-жөні немесе туған күні өзгерсе, осы мәліметтерді растайтын құжаттар.

Қызмет алушы өтінімді тапсырғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 10 минут ішінде анықтама береді, ал қосымша тексерулер қажет болған жағдайда, 5 жұмыс күні ішінде қарастырады.

Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, бірақ соттылығы өтелген немесе алынып тасталған және оларға қатыс­ты қылмыстық қудалау тоқтатылған азаматтар «Соттылығы жоқ» жазбасымен таза анықтама алады.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті кәмелеттік жасқа толмаған азаматтарға анықтама алу олардың заңды өкілдерімен (ата-анасы) немесе сенімхат арқылы жүзеге асатынын  түсіндіреді.

– Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық қызмет және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне (мемлекеттік компаниялар, ұлттық холдингтер) жұмысқа орналасу үшін «адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәлімет» талап етіледі. Бұрын бұл мәлімет «eOtinish» сервисімен мемлекеттік органдарға өтініш беру арқылы қолжетімді болған еді, қазір қандай өзгеріс бар?

– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәлімет беру» мемлекеттік қызметін адамның/азаматтың сұрауы бойынша тек қана электронды түрде www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы және «eGov mobile» мобильді қосымшасымен ұсынады. Аталған қосымшада «Қызметтер» бөлімінде «Адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәлімет беру» қызметіне өтіп, «Қол қоюға өту» арқылы сұрау салынады. Қызмет көрсетудің мерзімі – 10 минут, қосымша тексерулер жүргізілген жағдайда – 5 жұмыс күні. Сонымен қатар «Прокуратура органдарынан, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызметі – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жүзеге асыратын толық автоматтандырылмаған қызмет. Аталған мемлекеттік қызметті ХҚКО арқылы және «Бір өтініш» қағидаты аясында «Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама беру» мемлекеттік қызметін алу кезінде www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы алуға болады. Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қызмет алушыдан жеке басты куәландыратын құжат, арнайы толтырылған арыз, мемлекеттік бажды (0,5 АЕК – 1966 теңге) төлегені туралы түбіртек талап етіледі. Мемлекеттік қыз­мет 5 жұмыс күні ішінде қаралып, нәтижесі қызмет алушыға табысталады.

– Тағы бір маңызды қызмет – «Архивтік анықтамаларды беру» және өтініштерді қабылдау. Ол да ХҚКО, «электрондық үкімет» веб-порталы және «eGov mobile» қосымшасы арқылы жүзеге асырылатын болғанын хабарлағымыз келеді.

– Архивтік анықтаманы дайындау – 8 жұмыс күні. Бұл мемлекеттік қызметке сұрау салу кезінде туыстарға қатысты ақпарат алу үшін туыстық байланыстарын, дәрежесін растайтын құжаттар немесе қызмет алушының мүддесін басқа адам білдірген кезде нотариалды түрде куәландырылған сенімхат талап етіледі. Сонымен қатар көрсетілетін қызметті алушы 1940 жылдың 1 қаңтарында он алты жасқа толмаған адамға сұрау салу жіберген кезде, сұрау салынған адамның ата-анасының деректерін көрсету керектігін түсіндіреміз. Бұл қызмет «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық органдары архивтерінің шегінде архивтік анықтамаларды және/немесе архивтік құжаттардың көшірмелерін беру» сынды мемлекеттік қызметтердің қатарына кіреді.

 Сұхбаттасқан

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button