Басты ақпаратРуханият

Қаламгер қадірі

Торғайдың Тосын құмынан шығып, қосын әдебиет ауылына тіккен арқалы ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы өлең өлкесі мен театр төрінен шырайлы шығармаларымен өз орнын ойып тұрып алды. Астана Алатаудан Арқаға ауысқанда, Есілге қарай бет түзеген көштің алдыңғы легінен көрінген ақынның елорда тұрғыны атанғанына отыз жылға жуықтады. Басылымымыздың бүгінгі нөмірінен бастап «Сарыарқаның саңлағы» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Соны бас қаланың байырғы тұрғынына айналған Серік ақыннан бастауды жөн көрдік.

Бұл жерде ақынның шығармашы­лығына баға бер­гелі тұр­ған жоқ­пыз. Серік Тұрғын­бекұлы тиісті бағаны қаламдас, қанаттас аға-інілерінен баяғыда алып қойған. Мәселен, ақиық ақын ­Мұқағали ­Мақатаевтың: «Серік өлеңдері арындап алып та қашпайтын, бір орында тапжылмай тұра да бермейтін, бойында қаны бар байыпты, байсалды жырлар. Ол бойындағы дарынын шашпай-төкпей, асықпай, аптықпай жаймен, ақылмен жырлауға ұмтылады» дегені бар.

Ал әдебиетіміздің алыбы Әбіш Кекілбайұлы «Кейкі батыр» дастаны жайында «Қазақ өлеңінің жалында құйындай ойнайтын шабандоз ақын Серік Тұрғынбекұлы бұл дастанында су шайқалмас жорғадай төгіліп-ақ бағыпты. Күллі ұлт болып өз тарихымызды саралап жатқан рухани ізденіске өрелі үлес қосқан талантты суреткерге риза болмасқа хақыңыз жоқ» деп жазды. Осы бағалаулардың өзі Серік Тұрғынбекұлы жырлары жүректі қозғайтын лирик әрі құлашы кең эпик ақын екендігінен хабар береді.

Өз басымызға ақынның шығармашылығымен қатар адамдық, азаматтық келбеті қымбат. Аңқылдаған, ақ жүрек қалпымен жан-жағына шуағын шашатын суреткер болмысын майда, жылы лебімен қардың көбесін сөгетін алтын күрекке ұқсатамыз. Бұл тұрғыдан алғанда, күнтізбе бойынша көктемнің алғашқы күні дүние есігін ашқаны тегін емес. Серік ақынды танып, араласа бастағанымызға он бес жылға жуықтады. Содан бері ол осы қалпынан бірде-бір рет айнымады.

Ақынның «Астана ақшамы» газетімен байланысы ежелден бар. Шығармашылығымен бұрыннан таныс болсақ, осы басылымға қызметке келгелі адами қалпы, азаматтық келбетіне тәнті болып келе жатыр­мыз. Серік ақын – берген уәдесіне берік жан. Бұған осы Ақмоланың тумасы, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов қайтыс болғанда көз жеткіздік. Қаралы хабарды ести сала, Серік ақынға қоштасу жырын газетке жазып берсеңіз деп қолқа салғанбыз. Бұл кешкі уақыт еді. Ақын «Таңертең хабарлас, өлең дайын болады» деп жауап берді. Айтқандай, «Биіктік туралы баллада» атты тамаша өлеңін қолымызға тигізді. Шығарма сол қалпы газетке басылды.

Серік ақын – дос дегенде жаны бөлек соғатын достыққа адал азамат. Бір жылы досы, құрдасы, белгілі ақын Шөмішбай Сариев Мемлекеттік сыйлық додасына түсті. Сонда басылымымызға «Шөмішбайдың шабысы мен табысы» атты қолдау мақаласын берді. Өлеңге ғана емес, қара сөзге де жүйрік болса да, осы мақаласына асқан жауапкершілікпен қарап, редакцияда отырып, дайын дүниесіне толғаныс үстінде қайта-қайта өзгеріс енгізді. Соны көріп, Шөмішбай ақынмен өте жақын екенін білдік. Досы 70 жасқа толғанда «Бір шың бар «Шөмішбай» деп аталатын» деп жырлап, ­мерейін көтерді. Ал дүниеден өткенде «Аққулары Аралдың шулап жатыр» деп қайғырды.

Мемлекеттік сыйлық демекші, Серік Тұрғынбекұлы – осы сыйлыққа лайық ақындардың бірі ғана емес, бірегейі. Денсау­лығына байланысты кейінгі жылдары жыр жинақтары жарық көрмеді десек те, «Таңдамалы өлеңдер» кітабын шығарып ұсынса, жоғары атақты алуы тиіс деп ойлаймыз.

Алайда осы жылдары өлеңдері жазылмады емес. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойлары, елдің рухын көтеретін іс-шараларға жыр тілінде үн қатты. Төрт жыл бұрын елордада тамыздың тамылжыған күнінің бірінде көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші ашылды. Серік ақын ауырып жүрсе де, қуанышты оқиғаның басынан табылды. Оған қатысып қана қоймай, «Тәшенев туралы толғау» атты өлеңін арнады. Бұл өлеңді салтанатты іс-шара туралы газетке хабар бергенде тұздық ретінде пайдаландық.

Қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің тоқсан жас мерейтойына шашу ретінде Серік ақын «Әкім туралы жыр» арнауын ұсынды. Бұл мысалдардан алдыңғы буын ағаларға деген ақынның құрметі байқалады. Бүгінгі «болдым, толдым» дейтін, алдағыны менсінбейтін кейбір қаламгерлерде жоқ осы қасиет Серік ақынның бойынан молынан табылады.

Серік Тұрғынбекұлының жастарға да қамқорлығы ерекше. Бірнеше жыл бұрын редакциямызға №81 Astana English School мамандандырылған гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін деп өзін таныстырған Аягөз Сыдық деген қыз баланы ертіп алып келді. Сонда ақын «Аягөздің өлеңдерін газетке бассаңыздар» деп өтініш айтты. Әлі піспеген, шикі өлеңдер болған соң баса алмадық. Басқа біреу болса, «Неге баспайсыңдар?» деп айқай-шу шығарып, өкпесін айтар ма еді. Серік ақын өйткен жоқ, талғамымызбен келісті. Бұл мысал ақынның мәдениеттілігінен хабар береді.

Кейінгі ширек ғасырдан астам уақытта Серік ақынның шығармашылығы Астанамен астасып жатыр. Иә, оның жырына арқау болатын айшықты тақырыптарының бірі – Астана. Астананың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жарқыра, жайна, Астана!» атты мүшәйраның бас бәйгесін иеленгені де бар. Ақын өлеңдері мен дастандары ұлттық рухтың жаңғыруына қызмет етті. Кешегі қатпарлы тарихты да, бүгінгі өмірді де шаршамай, талмай жырлады. Мәселен, «Кенесарының Ақмоланы алуы» атты дастаны Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрадан бас жүлдені жеңіп алды. Ертеректе «Салынып жатыр Астана» атты репортаж өлең де жазды. Елорда жайлы басқа да өлеңдері баршылық. Осында Қалибек Қуанышбаев театрының әдебиет бөлімін, Сәкен Сейфуллин музейін басқарды. Қаламынан туған «Мұқағали», «Шәмші» секілді спектакльдері бас қала театрларында жүруде. Мұнымен айтпағымыз, Серік Тұрғынбекұлының елордаға еңбегі сіңудей-ақ сіңді. Ақынға Астана қаласының Құрметті азаматы атағы берілуі керек деп бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Еленер түрі жоқ. Бұл атаққа тағы бір лайық адамның бірі көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы еді. Ол өмірден өтіп кетті. Ортамызда Алдан Смайыл мен Серік Тұрғынбекұлы аман-есен жүр. Билік Қадыр (Мырза Әлі) ақынның сөзіне құлақ асар болса, талантты тірісінде бағалау керек. Түптің түбінде бұл мәселе қаламгерді қадірлеу, құрметтеу дегенге тіреледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button