Таптырмас тағылым

Ақыл-ойдың асқар шыңы, шығармашылықтың терең тұңғиығы Абай – адамзат қауымдастығында қазақ барда мәңгі жасайтын ұлы тұлға. Сондықтан оның осыдан ғасыр бұрын жазғандарының қаламнан жаңа шыққандай оқылуы да, айтқандарының құлаққа айқын естілуі мен бүгінгі күніміздің бағдар шамындай қабылдануы да заңдылық. Ұлылардың ерекшеліктері де осында.
Осындай тұлғаның қайтыс болуына байланысты 1905 жылы «Семипалатинский листок» деген газетте жарияланған «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» атты мақаласында кейін Алаштың көсеміне айналған Әлихан Бөкейхан: «Абай, өз өлеңдері көрсеткендей, керемет поэтикалық күшке ие болды және қазақ халқының мақтанышына айналды. Абай сияқты халқының рухани шығармашылығын осылай көтере алған қазақтың ақыны әлі болған жоқ» деп жазған еді. Бұл, меніңше, басылым бетіндегі тұңғыш тамаша баға болатын.
Заманынан озық туғандардың тағдыры түрлі жайларға ұшырап отыратынындай, қоғамды негізінен екі тапқа бөліп және оның арасындағы қарама-қайшылық пен күресті табиғи деп таныған, соны өзінің саяси жүйесінің арқауы еткен кешегі кеңестік жүйенің алғашқы жылдарында Абайдың ұрпақтары да, оның туасы талантты шығармалары да түрлі тағдырды бастан кешірді. Бұл туралы сонау Францияда жүріп Мұстафа Шоқай 1935 жылғы «Яш Түркістан» журналының №5 санында жарық көрген «Ақын Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай» атты мақаласында ұлы Түркістан ақыны Абайға большевиктер марксизм тұрғысынан баға беріп, оны «ұлтшыл», «феодалшы» деп танығанын, оның еңбектерін мектептер мен кітапханалардан шығарып тастағанын, алайда жас қазақ жазушылары мен оқырмандардың арасында Абайдың идеясының жеңе бастағанының дәлелі ретінде оның қайтыс болғанына 30 жыл толуы Алматыда кеңінен атап өтілгені, қалада ескерткіш орнатуға қаулы алынып, педагогикалық институтқа аты берілгені туралы жазған еді.
Абайды тануда заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы ақынның қалыптасуының рухани үш бұлағы туралы ойлары алтын кілт іспеттес. «Мұның біріншісі – қазақ халқының, есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, ауызша әдебиет қоры… Екінші бір қол артқан қазынасы – араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші үлкен өнер, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті».
Осылай алдымен өз халқының рухани құндылықтарын бойына сіңірген, әлемдік мәдениеттің қол жеткен озық үлгілерін талғаммен, таңдаумен қабылдаған Абайдың ой-тұжырымдарын шын мәнісінде бүгінгі қазақ қауымының идеалогиялық негіздеріне жатады деуге болады. Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, біз сан жылдар патшалық Ресейдің отары болып, оның үстіне соның саяси жалғасындай болған, жалғыз Коммунистік партияның билігіне сүйенген кеңестік қыспақтың зәрінен әлі толық ада бола қойған жоқпыз. Екіншіден, осындай себептерден ұлттық рухымыз өз деңгейіне көтерілмей, Абай айтқан ойдың еркіндігі мен сананың тәуелсіздігіне толық жете алмай келеміз. Үшіншіден, Абайдың мәңгілік мол мұрасын Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған әділетті һәм жаңа Қазақстан құруда таптырмас тағылым, қажымас қуат ете алмай отырмыз.
Хакім Абай қазақ қоғамы өзінің рухани дамуында түбегейлі өзгерістерді қажет ететінін және мұндай өзгерістердің ең бірінші білім мен ғылымның арқасында ғана жүзеге асатынын жақсы білді, терең түсінді. Сондықтан ұлы тұлға білім арқылы адам өз ақыл ойын, дарын қабілетін, таным түсінігін, рухани өресін, адамгершілік пен имандылық қасиеттерін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре, байыта түсуді, оған бойдағы бар күш жігерді мақсатты түрде жұмсау қажет деп санады. Сол себепті «Он сегізінші сөзінде»: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деді.
Рас Абай заманымен салыстырғанда заман басқа, заң басқа дегендей. Сан ғасыр күресе келе халқымыз тәуелсіздікке жетті. Ежелден географиялық көршіміз болып келе жатқан елмен терезесі теңдей қарым-қатынастамыз. Сонан соң халқымыздың бірлігі мен ынтымағы, көп этносты Қазақстанның тұтастығы мемлекетіміздің сара саясаты болып отыр. Еліміздің саяси саралануы да, әлеуметтік ахуалының артуы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымға тұрақты негізделіп келеді. Соның арқасында қазір Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Атақты ақынымыз Жұбан Молдағалиевтың сөзімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақты, қазақ елін дүниежүзі таныды.
Қазіргі еліміздегі 30-дан астам ұлттық, мемлекеттік және кәсіптік мерекелер ішінде тәуелсіздіктен қасиетті ұлық ұғым да, мәртебелі мереке де жоқ, болмайды да. Өйткені елімізге өз территориясында өкіметтік билікті, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес өзі белгілейтін, өзі жүргізетін саяси құқыққа ие болу осы тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болды. Сол себепті бүгін осы бір «тәуелсіздік» атты қасиетті ұғым бәріміздің жиі айтатын сөзімізге айналды.
Біз сауаттымыз да, білімдіміз де. Оған да сөз жоқ. Алайда біздің біліміміз бен ғылымымыз әр кезде адамгершіліктің, арлылық пен мінезділіктің тікелей көрсеткіші бола алды ма? Сондай-ақ кешегі тәуелсіздіктің отыз жылында қоғамымызға енген нарықтық экономиканы, Алаш жетекшілері айтқандай, өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдап, оның қайшылықты қырына өзіміздің имандылығымызды, ақыл-парасатымызды қарсы қоя алдық па?
Бұларға толық «иә» деп жауап бере алмаймыз. Өйткені кешегі тәуелсіздіктің отыз жылында биліктегі не соның маңайында жүрген, талай оқуды тауысқан, тіпті арасында ғалымдар да бар 162 тұлға ел мүддесі, халық қамы дегенді екінші қатарға ығыстырып, мемлекетіміздің жарты байлығына ие болды. Білім, адал еңбек далада қалып, жеке қабілет баюға жұмсалды. Бұл жағдайдың ең жаманы қоғамымызда бұл бағытқа қатаң талап қойылса да, оның көріністерінің әлі де бой көрсетуінің жалғасып келе жатқанында болып отыр.
Адам, оның жеке асыл қасиеттері туралы көп толғанған, қазақ қоғамын келешек ғасырларға қызмет етуге жетелеген хакім Абайдың мол мұрасының бүгінгі тәуелсіз елімізді тұғырлы етуде маңызы шексіз. Осы бағытта Абай академиясын ашып, рухани һәм тарихи құндылықтарымызды сонау әл-Фарабиден бастап Алаш ардақтыларының ұлы мұраларын кеңінен зерделеуге, терең де жан-жақты насихаттауға, оларды рухани азық етуге бет бұрсақ, ұтарымыздың көп боларына сөз жоқ.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор