Бони Эм-ді қосыңдар…

Тойдың бірінші дастарқанына бата беріліп, едәуір қызған тойшыл халық серпілу үшін орнынан көтерілді. Ақырындап елдің алды би алаңына қайта оралып жатты. Музыка ұрып тұр. Бір кезде иегінде шоқша сақалы бар, еңселі келген, ұқыпты киінген, не кәрі шал да емес, не жас та емес бір кісі қазақтың «қызыл өрігін» қомсынды ма, дауыстап «Бони Эм-ді қосыңдар» деді.
Жастықтың соңы, кәріліктің басы ма, кім білсін, атамыз бір серпілгісі келді. Музыканың құлағын ұстап отырған бала қарсы келген жоқ. Қазіргі жетпіске жетіп қалғандардың құлағына таныс ырғақ кең сарайды алып кетті. Әлгі кісі де екі бүктетіліп, екі аяғын ұшын айқастырып, бота тірсегін дірілтетіп биге басты.
Естеріңізге сала кетейін, «Boney M» – немістің диско-тобы, 1975 жылдары ФРГ-да құрылған, оның орындаушылары Кариб аралдарында туған, нәсілі қара, батыс Еуропаға жасөспірім шағында келген әншілер болатын. Кезінде дала мен қаланың талай би кештері «Бони Эм-сіз» өтпейтін. Әлгі кісі де өз заманының ырғағын еске алғысы келген болар. Айып етпейміз. Өзіміз де тұяғымызды тысырлатып, биледік. Биледік те, шаршаған соң ойландық.
Той, той дейміз, деп ата сақалымыз аузымызға шыққанға дейін ортаға келелі сөз, ой тастау орнына би-даңғаза басып барады. Жастармен бірге желігіп «Бони Эм-ді» іздеп жүрміз. Жарасатын нәрсе ме? Тойға барсақ, би жарысқа түсеміз. Мүмкін бұл үрдісті дамытқымыз келсе, мектепке би пәнін қосқызып жасымыздан тойдың биіне даярлауды талап етіп, үкімет алдына қояйық. Әйтпесе, ішіп алғандар мен аяғы ауыратындардың қисалаң-қисалаң еткен қимылы биге жатпайды ғой. Осылайша тойдың ажырамас атрибутына айналған бидің рөлін қайта қарау керек болар. Той тойлап, би билейміз деп әбден абыройдан айырылып болдық. Тойдың биін жастарға қалдырып, тойханалардың шағын бөлмесіне майлы етті басар көк шәй дайындап, үлкен кісілердің қауқылдасып әңгімелесуіне, бір-бірімен танысуына мүмкіндік беретін жағдай неге жасамасқа?! Сонда қариялар бұлтың-бұлтың еткен қыз-келіншектерге қарап ыңғайсызданбайды. Ішіп алып елірген жастармен бірге отырып, желікпес те. Жас пен кәрі бірге қутыңдап беттерін ашпай, әрқайсысы өз биігінде қалып, даңғырап, құлақ тұндыратын музыкадан құтылып, тойдан шаршамай шығар еді. Би көбіне келесі дастарқаннан бір тостақ ас сиятындай орын қалдыруға арналған жаттығу сияқты. Біраз желпініп алған жұрт түн ортасы ауғанда екінші дастарқанның басына жиналады. Қою шәй мен небір тәтті торттар көздің жауын алады. Асқазан үшін өте ауыр. Бұл күні екінің бірін семіздік басқан. Ол да дерт. Ендеше адамды қинамай, тойдың бәрін бір дастарқанмен атқарып, ешкімді де шаршатпай, тойға реформа жасауға болады ғой.
Осы жағын ойлап көрейікші.
Айгүл УАЙС