Елорда тынысы

LRT станциялары қалай аталады?

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында LRT станцияларының атаулары бекітілді. Қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысқан жиынды елорда мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден жүргізді.

Станция атауларымен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп таныс­тырды. Оның айтуынша, әуежайдан басталып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін жалғасатын желі бойында барлығы 18 станция қызмет етеді. Осы станциялардың жобалық атауларын талқылау жыл басынан бері бірнеше рет өткізілді. Тиісті отырыстарға тарихшы және тілші ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қалалық мәслихат пен қалалық Қоғамдық кеңес, уәкілетті органдар өкілдері қатысты.

«Станцияға атау бергенде ескеруге тиіс бірнеше принципті талқыға салдық. Бірінші – елімізге белгілі тарихи тұлғалардың есімін таңдау. Екінші – қалыптасқан дәстүрлі және тарихи-географиялық атауларға басымдық беру. Үшінші – станция маңында орналасқан маңызды нысандарға қатысты атауларды таңдау. Әлемдік тәжірибені де зерделедік. Жалпы әлемдік практикада метро және жер үсті көлік жүйелеріндегі станция атаулары сол маңайда орналасқан ерекше әрі маңызды нысандарға қатысты таңдап алынады. Сондықтан біз де мүмкіндігінше осы принципті басшылыққа алғанды жөн көрдік. Бұл жолаушылардың өзіне қажетті мекенжайды адаспай табуына мүмкіндік береді» деді Сәкен Есіркеп.

Биылғы 1 тамызда Астана қаласы ономастика комиссиясының кезекті отырысында станция атауларына қатысты төмендегі ортақ шешім жасалды:

№ 101 станция – «Әуежай». Станция елорда әуежайында орналасқандықтан халыққа түсінікті болу үшін «Әуежай» атауы таңдалды.

№ 102 станция – «Атамекен». Бұл – қазақ халқы үшін қастерлі ұғым. Туған жер, Отан деген сөздің баламасы. Станция төңірегінде ерекше нысан жоқ. Сондықтан әуежайдан ЛРТ-ға мінген жолаушы өз атамекеніне келгенін түсінсін деген мақсатта осы атау таңдалды.

№ 103 станция – «Есіл». Бұл маңайдан Есіл-Нұра арнасы өтеді. Атау станцияның Есіл ауданында орналасқанына қатысты да таңдап алынды.

№ 104 станция – Мәңгілік ел. Мәңгілік ел даңғылының басталатын тұсында орналасқан.

№ 105 станция – Астана жұлдызы. Бұл станция тұсында «Астана жұлдызы» деп аталатын стелла орналасқан.

№ 106 станция – Нұра. Бұл атау да Нұра-Есіл арнасына қатысты таңдап алынды. Станция Нұра ауданы мен Есіл ауданының шекарасында орналасқан.

№ 107 станция – Университет. Назарбаев Университеті бас қақпасының алдында орналасқан. 29/2 көше мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысы, «Mega Silk Way» СОСО маңайында.

№ 108 станция – Ұлы Дала. Қабанбай батыр және Ұлы Дала даңғылдарының қиылысында орналасқан. Сондықтан Ұлы Дала атауы таңдалды.

№ 109 станция – Астана Арена. Бұл атау станция маңайында «Астана арена» стадионының орналасуына байланысты таңдап алынды.

№ 110 станция – Жекпе-жек сарайы. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының тұсында орналасқан.

№ 111 станция – Сығанақ. Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысында орналасқан.

№ 112 станция – Бәйтерек. Сығанақ пен Түркістан көшелерінің қиылысында, яғни «Бәйтерек» монументіне жақын маңда орналасуына байланысты таңдалды.

№ 113 станция – Министрліктер үйі. Стратегиялық маңызды нысандардың бірі – Министрліктер үйінің маңайында орналасқан.

№ 114 станция – Ұлттық музей. Бұл атау да станция орналасқан маңайда ең жақын Ұлттық музейдің орналасуына байланысты таңдалды.

№ 115 станция – Театр. Бұл атау станцияға жақын маңайда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының орналасқанына орай таңдап алынды.

№ 116 станция – Мыңжылдық аллеясы. Мыңжылдық аллеясы – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрынан басталып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейінгі аралықты қамтитын саябақ. ЛРТ желісі осы аллеяға жақын болғандықтан, бір станция атауын «Мыңжылдық аллеясы» деп аталды.

№ 117 станция – Жібек жолы. Шығыс пен Батыс өркениеттерін байланыстырған Ұлы Жібек жолы арқылы ғылым, мәдениет, экономика қатынастары дамыған. Жібек жолы Қазақстан, тіпті әлем тарихында айрықша маңызды көлік желісі. Сондықтан осындай символдық тұрғыдан Жібек жолы атауы берілді.

№ 118 станция – Нұрлы жол. Бұл жеңіл рельсті көлік станциясының соңы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалында орналасқан станция.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button