2060 жылға қарай пластик қалдықтарының үш есеге артуы мүмкін

Женевада пластикалық қалдықтардың өсіп келе жатқан көлеміне және оның адам денсаулығына, мұхиттарға және экономикаға тигізетін әсерімен күресуге бағытталған жаһандық келісімді әзірлеу бойынша халықаралық келіссөз басталып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) мәліметінше, келісім болмаған жағдайда пластик қалдықтарының көлемі 2060 жылға қарай үш есе артады, бұл адам денсаулығына да ауыр зиянын тигізеді.
ЮНЕП аясындағы келіссөздер БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің екі жыл көлемінде теңіздердің пластиктен ластану дағдарысын тоқтатуға мүмкіндік беретін заңдық күші бар келісім жасауға келіскеннен кейін басталды.
Мәселенің ауқымы өте үлкен: бір рет қолданылатын кішкентай стақан, полиэтилен пакеттер, микропластиктері бар косметика үнемі мұхиттар мен полигондарға түседі.
Өмірлік цикл
Келісімді жақтаушылар оны маңыздылығы жағынан 2015 жылғы Париж климаттық келісімімен салыстырып отыр. Бұл ретте олар мұнай мен газ өндіруші елдердің қарсылығы туралы ескертеді, өйткені мұнай мен табиғи газ – пластик өндірісінің шикізаты.
– Біз пластиктен ластану дағдарысын тек қайта өңдеу арқылы шеше алмаймыз. Бізге жүйелік түрлендіру және айналмалы экономикаға көшу қажет, – деп мәлімдеді ЮНЕП атқарушы директоры Ингер Андерсен.
Болашақ келісімнің мақсаты – пластикті жобалау мен өндіруден бастап кәдеге жаратуға дейінгі бүкіл өмірлік циклін қамту. Женевадағы келіссөз үшін негіз ретінде пайдаланылып жатқан Үкіметаралық келіссөз комитетінің (ҮКК) жұмыс құжатында айтылғандай, бұл пластикті қайта өңдеу мен қайта пайдалануға ықпал етіп, оның қоршаған ортаға ағып кетуіне жол бермеуі тиіс.
22 беттен тұратын құжатта 32 бап жобасы бар, оның әрбір бабы келіссөзге қатысушылардың талқылауында. Бұл мәтін болашақ халықаралық келісімнің негізі болмақ.
Денсаулыққа және экономикаға зиян
5-14 тамыз аралығында БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде 179 елдің өкілдері, сондай-ақ 618 бақылаушы ұйымның 1900-ден астам қатысушылары — ғалымдар, экологтар және сала өкілдері келісім жобасын зерттейді. Кездесудің негізгі мақсаттарының бірі – қауіпсіз және экологиялық таза баламаларды жасауды қоса алғанда пластикті пайдалануды азайту бойынша тексерілген тәжірибелер және шаралар бойынша тәжірибе алмасу.
Келіссөз қарсаңында беделді медициналық журнал «Ланцет» пластикте қолданылатын материалдардың өмірлік циклдің барлық кезеңдерінде және адам өмірінің барлық кезеңдерінде зиянды екенін ескертетін мақала жариялады. Жиырмадан астам медициналық сарапшының бағалауынша, әсіресе нәрестелер мен балалар осал.
Мақалада пластиктің адам денсаулығы мен планета үшін зор қауіп тудырып отырғаны, бұл қауіптің өсіп келе жатқаны және оның ауқымы әлі белгісіз екені айтылған. Бұл қауіптен келетін адам денсаулығымен байланысты экономикалық шығын 1,2 трлн долларға бағаланып отыр.
Келісімге апаратын жол
Келіссөз процесін пластиктен ластану бойынша атқарушы хатшы Джоти Маттур-Филипп басқарып отыр.
– Болжам бойынша, тек 2024 жылы адамзат 500 млн тоннадан астам пластик пайдаланған, оның 399 млн тоннасы қалдық болады, – деді ол.
Соңғы болжамға сәйкес, 2040 жылға қарай қоршаған ортаға түсетін пластик мөлшері 50 пайызға артады.
– Пластиктен ластанудан келетін жалпы экономикалық шығын 2016 және 2040 жылдар аралығында 281 трлн долларға жетуі мүмкін, – деп қосты Маттур-Филипп.
Бүгінде келіссөздің бес раунды өтті:
Біріншісі – 2022 жылдың қарашасында Уругвайда;
Екінші және үшіншісі – 2023 жылы Франция мен Кенияда;
Төртіншісі 2024 жылдың сәуірінде Канадада;
Бесіншісі – өткен жылдың соңында Корея Республикасының Пусан қаласында өтті.
Бұл келіссөздер тоқтатылып, Эквадор елшісі Луис Ваяс Вальдивиесоның төрағалығымен Женевада талқылауды жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Осыған дейін ғалымдар ауадағы микропластик мөлшерінің 100 есе көп екенін анықтағаны туралы жаздық.