Жеткіншек түнде жортпасын!

Астанада жыл басынан бері жасөспірімдер қолымен жасалған 114 қылмыстық факті анықталып, тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 5891 адам тартылған. Соның ішінде 4431 факті кәмелет жасқа жетпегендердің түнгі уақытта, яғни 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз жалғыз жүруіне байланысты болып отыр.
Бұл алдыңғы жылдан екі есе көп. ІІМ жасөспірімдер арасында қылмыстарды болдырмау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 27-29 шілде аралығында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді.
Астанадағы Сарыарқа аудандық Полиция басқармасында тәртіп сақшылары бұл іс-шараны өткізуге кешкі сағат 18.00-ден бастап шықты. Олардың айтуынша, көбіне жасөспірімдер сауда ойын-сауық орталықтарында, саябақтарда, компьютерлік және түнгі клубтарда түнгі уақытта көп жүреді. Негізгі назар түнгі уақытта қоғамдық орындарда ата-аналарынсыз немесе заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдерге аударылады. Сондықтан алдымен олар ауданда жасөспірімдер көп баратын нысандарға барып ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Одан әрі 22.00-ден бастап ойын-сауық орталықтарына барып, сонда ата-анасынсыз жалғыз жүрген 18-ге жасқа толмаған балаларды тексерді. Ал қалған орындардың бәрінде 23.00-ден бастап тексеруді күшейтті.
– Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың түнгі уақытта ересектерсіз қоғамдық орындарда жүруіне жол бермеу. Ата-аналар және балалармен кездесу барысында біз әсіресе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының сақталуына назар аудартамыз. Аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған тұлғаның түнгі уақытта (сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін) қоғамдық орындарда ата-анасының немесе заңды өкілсіз жүруі әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Мұндай құқық бұзушылық үшін ата-аналарға ескерту, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Жасөспірімдерге қатысты бұл биыл өтіп отырған үшінші жедел алдын алу іс-шарасы, – дейді Астана қалалық Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Нысанбаев.
Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы ювеналдық учаскелік полиция инспекторы, кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі полиция лейтенанты Айзада Ергешованың айтуынша, көбіне түнге қарай жалғыз жүргенде ұсталатындар – 12-16 жастағы жасөспірімдер.
– Бұл бапты білмейтіндер баласын түнгі 23.00-ден кейін үйінің жанындағы дүкенге нан, сүт алып келуге жұмсауы мүмкін. Егер сол уақытта тәртіп сақшыларының көзіне түсіп қалса, олар баланы ұстауға құқылы. Бұл жағдай арнайы заңда көрсетіліп тұрғандықтан баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылып, хаттама толтырылады. Осындай жағдай аталған отбасында екінші рет қайталанса, айыппұл салынады. Негізі кәмелет жасқа жетпеген бала түнгі уақытта өз тұрғын үйінің табалдырығынан сыртқа аттаған сәттен бастап заң бұзған болып саналады. Кейбір жасөспірімдер жұмыс істеп, үйге кеш қайтып келетіндігін айтып, ата-аналары бізге шағымданады, бірақ заң бәріне ортақ, ондай жағдайда бала тез такси ұстап, үйіне жетуі керектігін түсіндіреміз. Ал таңға дейін жүретін 16 жастан асқан жастар көбіне достарын туған күнімен құттықтау үшін сыртта жүріп қалады, бұған да жол беруге болмайды. Жалпы әрқайсысы әртүрлі себеппен ұсталады, – дейді А.Ергешова.
Түнде ата-анасынсыз жүрген жасөспірімдер полиция бөлімшесіне жеткізілген соң оларға инспекторлар заңды өкілі келгенге дейін түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ата-анасы келген соң да заң талаптарын айтып, үйіне қайтарады. Екі күнде аталған іс-шара барысында Сарыарқа ауданы бойынша заң талаптарын бұзған 200-ге жуық кәмелет жасқа толмаған жасөспірім ұсталып, заңды өкілдеріне 150-ден астам хаттама толтырылды. Ал Астана қаласы әкімдігі жанындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына 9 бала орналастырылған.
Райхан Рахметова