«Мектепке жол» басталды

Кеше «Мектепке жол» республикалық шарасы басталды. 30 қыркүйекке дейін жалғасатын іс-шара аясында тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға демеушілік қаржы есебінен көмек көрсетіледі. Бұл жөнінде қалалық коммуникациялар қызметінің алаңында елорданың Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев баяндады.
Оның айтуынша, аталмыш акция аясында бас қалада 8500-ден астам баланы қамту жоспарланған. Оларға мектеп рюкзактары мен оқу құралдары беріледі. Жоғарыда аталған санаттарға жататын балалардың ата-аналары растайтын құжаттарды мектепке ұсыну керек. Әлеуметтік педагогтар 1-сынып оқушылары мен жаңадан келген оқушыларды есепке алғанда тиісті тізімді әзірлейді.
Түсінбейтін жағдайлар болса, 55-69-20 телефон нөміріне – Білім басқармасына хабарласуға болады, мектептердің жанында азаматтардың өтінішіне жедел әрекет ету мақсатында қоғамдық қабылдау кабинеттері ашылған. Бұған қоса, «Мейірімді қолдар» акциясының аясында ірі сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтарында оқу құралдары мен мектеп тауарларын жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Қазір дайындық жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, олар Нұра ауданында «Сарыарқа» ОСО, «Tumar» СҮ, Байқоңыр ауданында «Аймақ-Тау», «Жаннұр» СҮ, Сарыарқа ауданында «Көктал» ОСО, «Рахмет» СҮ, «Шапағат» базары, Сарайшық ауданында «Damu Mall» ОСО, Алматы ауданында «Аружан» ОСО қойылады.
Серік Әділбаевтың айтуынша, 2025-2026 оқу жылында жалпыға бірдей білім беру қорынан берілетін көмекпен елордадағы 12734 баланы қамту жоспарланған. Алдағы оқу жылында бір балаға берілетін көмек 46228 теңгені құрайды.