«Карнеги-холлда» қазақ әндері әуеледі

АҚШ-тың атақты «Карнеги-холлында» қазақ әндері асқақтады. Әлемге әйгілі концерт залында өткен «Global Artists Debut Concert» кешіне арнайы шақырылған дарынды әнші Гүлзар Габдрахман халық әні «Әгугай» мен көрнекті композитор Садық Керімбаевтың «Ақерке» туындысын әуелетті.
Гүлзар Нью-Йорктегі «Карнеги-холл» сахнасына алғаш рет шықпады. Үш жыл бұрын Viva Music Carnegie Hall байқауына Қазақстан атынан қатысып, бірінші орынды иеленді. Сонда дәл осы сахнада ән шырқаған еді. Онда «Дударайды» әуелетті. Ал бұл жолы екінші рет өнер көрсетті.
Әнші жайлы айтсақ, ол – К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтының магистратурасын да бітірді. Ресей астанасында белгілі әнші, Ресей халық әртісі Лариса Долинаның шеберханасын аяқтады.
Өнер эстрада және джаз бағытын таңдаған Гүлзардың бойына ата қанымен дарыған. Атасы Игілік Омаров қазаққа аты мәлім әнші еді. Бірақ түбегейлі өнер жолын қумай, туған ауылында талай жыл мұғалім болды. Гүлзар да бастапқыда әнші боламын деп ойламады. Ақпараттандыру және журналист мамандықтарын меңгерді. Алайда өнерге құштарлығы жеңіп, осы жолға түсті. Табыссыз емес. Осы күнге дейін көптеген республикалық және халықаралық байқауларға қатысты. Мәселен, Лондонда өткен «Альбион жұлдыздары-2019» халықаралық байқауында халық әні «Япурайды» орындап, бас жүлдені иеленді.
Садық Керімбаевтың «Ақерке» туындысы (сөзін жазған Сапарғали Бегалин) «Қазақ әнінің Ақеркесі» атанған Игілік Омаровтың бойтұмар әні еді. Сондықтан Гүлзардың Нью-Йорк төрінде осы әнді орындауы бекер емес екенін айта кетейік.