Басты ақпаратМәселе

Көлсай мен Қайыңдыға жолың түссе…

Тянь-Шань тауларының солтүстік беткейіндегі Көлсай мен Қайыңды көлдері – еліміздегі табиғат жауһарларының бірегейі. Жетісудың інжу-­маржаны аталатын аталмыш мекендерге алыс-жақын шетелдерден саяхаттап келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр мұнда 395 386 адам болса, биылғы жарты жылдықтың өзінде 623 мың адам жергілікті сұлулықты тамашалауға келген. Отандық туризмді ілгерілетіп отырған бұл жерлерге біздің де жолымыз түсіп, әлі де аймақты дамыту мәселесі өзекті екенін анықтадық.

Келушілерге демалыс қолжетімді ме?

Тұмса табиғаты мен таза суы бар Қайыңды мен Көлсай көлдері Алматы облысының Кеген ауданына қарайды. Еліміздегі ең ірі мегаполиске жақын орналасқандықтан мұнда келушілер қарасы жыл бойы үзілмейді. Себебі, бұл аймақтарға барудың көп қиындығы да бола бермейді. Алматыдан күнделікті турлар ұйымдастырылып, туристік компаниялар бір не екі күндік сапарды жоспарлап береді. Бір күндік тур бағасы 10 мың теңгеден басталса, екі күндігі 20 мың теңгеден асады. Әдетте мұндай турлармен келушілер алдымен Шарын шатқалына барып, кейін Көлсайға беттейді. Алматы-Көлсай бағытындағы жол 2019 жылы толық жасалынып, пайдалануға берілген. 300 шақырымдық жолдан соң туристер Саты ауылына келіп тоқтайды. Бірнеше күнге сапарлап қалуды таңдайтындар үшін ауыл тұрғындары хостелдерін ұсынады. Мұндағы орташа баға бір күнге 10 мың теңгеден басталады. Оның ішіне үш мезгіл тамағы да кіреді. Одан бөлек, кафе, қонақ үй, қымыз, таудың балы секілді жарнамалар көзге оттай басылады. Ауылдан 15 шақырымдық жердегі Көлсай көлдерін тамашаламастан бұрын аумаққа кіру құны адам басына 945 теңгені құрайды. Дәл Көлсайдың аумағында бірнеше күнге қалу үшін сыйым­дылығы 100 адамдық қонақ үй де бар. Екі адамға арналған жатын орынның бір күндік бағасы 40 мыңнан басталып, 100 мың теңгеге дейін барады.

Көлсай көлі жоғарғы, ортаңғы, төменгі болып бөлінеді. Төменгі Көлсайдың жолы жеңілдеу, теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте, сондықтан туристердің негізгі бөлігі осы жерден тоқтайды. Бұдан әрі төмен түсу үшін туристер атқа отырып бара алады. Жергілікті кәсіпкерлердің ұсынатын бағасы бойынша сағаты – 8 мың теңге. Ортаңғы және жоғарғы Көлсай теңіз деңгейінен 2280 және 2650 метр биіктікте жатыр, бұл жаққа келетіндер мінсіз сұлулықты тамашалайды. Көл суының бір ерекшелігі – әр кез тас бұлақтың суындай мұп-мұздай. Жоғарғы Көлсайға жеткендерді негізгі қызықтыратыны – қайықтар. Оның бағасы сағатына 10 мың теңгені құрайды. Баға адам басына емес, қайық үшін ғана саналады. Екі адамға да, төрт адамға да осы бағаны төлеу қажет болады. Айта кетерлігі, балаларға жеңілдіктер қарастырылмаған.

Көлсайдың тереңдігі 80 метрге дейін барады десек, мұнда 40-қа жуық қайық бір мезетте жалға беріледі. Әр қайыққа кемінде 4-5-тен адам отырса, бір уақытта көлдің бетіне 200-ден астам турист шығады. Қоқыс тастайды, көл тез ластанады. Оның үстіне қайықты жалға беретін жерде кәсіби құтқарушылар жұмыс істемейді. Тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, кәсіби білігі жоқ адамдар жалға беріп отыр­ған көрінеді. Көлсай ерекше қорғалатын аумақта орналасқандықтан, қайықпен жаппай серуендеуге арналмаған. Сондықтан табиғатты сақтау үшін мұнда да Қайыңдыдағы сияқты мүлдем қайықты шектесе дұрыс болмақ.

Туризмге тұсау түйткіл

Басты туристік аймақтар қатарындағы Қайыңды мен Көлсайды биік тау бедері ғана бөліп жатыр. Дегенмен, Қайыңдыға қарағанда Көлсайға баруды таңдайтындардың қарасы қалың. Себебі, инфра­құрылымы дамып, интернет желісі тартылған. Ал Қайыңдыдағы туризмді жетілдіруге қатысты атқарылар жұмыс көп. Бұл жаққа да келушілер Саты ауылы арқылы жетеді.

Көлдің ортасындағы қайыңды көруге келгендердің бірі, қостанайлық Айман Ибраева мұндағы жол мәселесі отандық туризмге тұсау болып отырғанын жеткізді.

– Қайыңды көлдің сұлулығын көруге деген құштарлық Саты ауылына жетіп, ескі «УАЗ» көліктерге ауысып мінген кезден бастап, үрейге ауысады. Бұл жер Кеңес кезіндегі көліктердің музейі іспетті. Құздың бойымен жағалап жүретін көліктердің өзара жарысатыны тағы бар. Бұл жолмен сырттан келгендерді Қайыңдыға бір апарып келсең, екінші біздің елге аяқ баспайтындай көрінеді. Оның үстіне түрлі төтенше жағдайдың алдын алу үшін мұнда ұялы байланыс орнату қажет. Себебі арамызда жақындарын таппай жатқан келушілер болды, – деді саяхатшы.

Қайыңды көліне жаңа жол салу мәселесі көптен бері айтылып келеді, әсіресе аталған жоба 2023 жылдың күзінде Қайыңды-Саты таулы жолында жолаушылар мінген автобус «УАЗ» көлігімен соқтығысқан қайғылы жағдайдан кейін қызу талқыланды. 2024 жылы салынуы керек болған жоба әлі жүзеге асырылған жоқ. Туристер күні бүгінге дейін ескі көліктерімен қатынауға мәжбүр. Аталмыш мәселе туралы туристік аймақтарды қорғау мақсатында құрылған «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандарынан сұрап білдік.

– Қайыңды көліне баратын жол 2021 жылы кеңейтіліп, жолдың беткі қабатына түзету жұмыстары жүргізілген. Саты-Қайыңды (12 км) жолын салу үшін облыстық бюджеттен биыл 1 миллиард 475 мың теңге қаражат бөлініп отыр. 2025-2026 жылдары жолды салу жоспары қарастырылған.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі ұсынатын қызметтер үшін келушілерден бекітілген тарифке сәйкес төлем алынады. Ұлттық парктің туристік және рекреациялық қызмет түрлерін пайдаланғаны үшін келіп түскен қаражат ұлттық парктің арнайы есеп шотына құйылады.

Ұлттық парктің штаттық кестесіне сәйкес туризм бөлімінде экскурсовод нұсқаушы бір маман бар. Парк аумағына келуші туристік фирмалар өздерінің гид мамандарымен келеді. Көлсай көлінде ұялы байланыс іске қосылған. Мобильді интернет желісі жұмыс істейді. Қайыңды көлінде электр желісінің болмауына байланыс­ты, ұялы байланыс, интернет желілері қосылмаған, – деді өз сөзінде «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Руслан Иманбаев.

P.S: Жылдар бойы көтеріліп келе жатқан бұл мәселе халық үшін де жауыр болғанымен, еліміздегі туристік мекенге айналған көрікті жердің келбеті барлығын да ойландыратыны анық. Әсем табиғаты бар мұндай мекенде туристерге жақсы жағдай жасалуы керек-ақ.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button