Тұтынушылар құқығы қалай қорғалуда?

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына үстеме 15 пайыздан аспауы тиіс. Алайда Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті аталған үстемені белгіленген шектен асыру фактілерін анықтап, тиісті шараларды қолданды. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінің алаңында аталмыш департамент басшысының орынбасары Жанат Асантаев баяндап, мекеменің биылдың алғашқы жарты жылында атқарған жұмысының қорытындысымен таныстырды.
Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартысында департамент ішкі сауда субъектілеріне жоспардан тыс 14 тексеру жүргізді. Қорытындысында бағаны тиісті үстемеден асырғаны үшін 13 субъект, сөре мен кассадағы бағаның айырмашылығы үшін 1 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, келіп түскен тиісті мәліметтерді сараптай келе, жалпы алғанда 75 бизнес өкілі әкімшілік жауапкершілік арқалады. Оның 59-ы – үстемені асырғаны үшін, 16-сы сөре мен кассадағы бағаның айырмашылығы үшін жазаланды. Тұтынушылардың құқығын қорғау мемлекеттің маңызды міндетінің бірі, бұл салада басты назар – азаматтардың өтініштерінде.
«Осы жылдың бірінші жартысында департаментке 4017 өтініш түсті. Соның ішінде «eOtinish» платформасы және электронды үкімет порталы арқылы келгені – 3236 өтініш. 1515 өтінішке түсініктеме берілсе, 826 өтініш өз құзыреті шегінде қарау үшін басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Қабылданған шаралар нәтижесінде тұтынушыларға қайтарылған ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 221 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш – республика бойынша ең жоғары нәтиже және 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Telegram-ботқа 246 сұраныс түсіп, олар бойынша тұтынушылардың сұрақтарына түсініктемелер берілді. Азаматтарды жеке қабылдау барысында 275 тұтынушының мәселесі тыңдалды, жедел желі телефонына 252 тұтынушыдан қоңырау түсті, әрбір сұраққа біздің тарапымыздан заңға сәйкес кеңестер берілді» деді Жанат Асантаев.
Оның мәліметінше, жалпы салалар бойынша өтініштер мен арыз-шағымдар мына салаларды қамтыды. Ең көп өтініш бөлшек сауда қызметі бойынша – 1485. Одан кейін электрондық сауда саласы – 1382, қоғамдық тамақтандыру – 130, білім беру – 127, байланыс пен тұрмыстық қызмет көрсету – 105, туристік қызмет көрсету – 80, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 77, көліктік қызмет көрсету – 22, медициналық қызмет көрсету – 18, қаржылық қызмет көрсету – 12, басқалары – 474.
Сатушылар тарапынан тұтынушылар құқығының бұзылуы фактілері үшін 41 кәсіпкер бұрынғы заңнамаға сәйкес «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал биылғы 15 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты «ескерту» сынды жаза түрі алынып тасталды. Бірінші бұзушылықтың өзінде кәсіпкерлерге бірден әкімшілік айыппұл салынады.
Айыппұл мөлшері: жеке тұлғалар үшін – 10 АЕК; шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 20 АЕК; орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 30 АЕК; ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 50 АЕК. Яғни бұрынғыдай ескерту берілмей, тұтынушылардың құқығын бұзу фактілері анықталған кезде тікелей айыппұл салынады. Қазіргі есепке сәйкес 24 кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынды.
«Тұтынушылардың сауатын арттыру мақсатында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мамандар жедел желі телефоны бойынша кеңес береді, жеке қабылдау жүргізеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында Instagram әлеуметтік желілерінде dtzpp.astana аккаунтында және Facebook парақшаларында ақпарат жариялап, кеңестер береміз» дейді Жанат Асантаев.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ