Мәдениет

Есірткіден аулақ бол!

«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында жеңіл атлетикалық жүгіруден жарыс өтті. Мегаполис тұрғындарының басын қосатын танымал әрі қолжетімді спорт түрі саналатын жүгірудің осы жолғы басты ерекшелігі – қатысушылардың жаңа бағдар бойынша бақ сынауы.

4 шақырымдық қашықтыққа жалғасқан жүгіру Кенесары хан ескерткішінің алдынан басталып, Ырыскелді қажы мешітінің жанында мәресіне жетті.

– «Астана – есірткісіз қала» ұранымен кезекті жүгіру жарысын ұйымдастырдық. Бұл жолы жүгіру бағыты жаңарды. Кезекті рет қатысушыларымыз Есіл өзенінің бойымен жаңа бағытта жүгірді. Қатысушылар әсерімен бөлісіп, разы болып жатыр. Бұл жарыс жиі ұйым­дастырылса да, медальдарымыз үнемі жаңарып тұрады. Мұның өзі қосымша эмоция беретіні сөзсіз. Жүгірудің арқасында қала тұрғындары демалыстың таңын спортпен бастауды әдетке айналдырып келеді. Қазірдің өзінде толық отбасымен қатысатындардың саны артып жатқаны анық байқалады. Елордамызда жүгіру мен велошеруден өзге бұқаралық спорттың да түрін өткізуге атсалысып жатырмыз, – деді Астана қаласы әкімдігі Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Жарысқа 1000-ға жуық әуесқой жүгіруші қатысып, таңертең 9:00-де 4 шақырымдық қашықтықты бастап кетті.

– 10 жылдан астам уақыт бойы жүгіріп келемін. Бүгінде ол әдетке айналды. Салауатты өмір салтын өзім арқылы насихаттағанның арқасында өзге таныстарым да осы жолды таңдады, – деді жарысқа қатысушы Жансұлтан Қалдаров.

Бұқаралық жүгіру жарысының соңында қатысушылардың арасында велосипед ойнатылып, естелік медаль берілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Райхан рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button