Пластиксіз бір күн: Астанада ерекше экофлешмоб өтті

Астананың Байқоңыр ауданында «пластиксіз 1 күн – таза Байқоңырға қадам!» атты экологиялық флешмоб ұйымдастырылды. Іс-шара 3 шілдеде атап өтілетін Бір реттік пластиктен бас тарту күніне орай өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өткен ауқымды акцияға 100-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары, еріктілер мен табиғатқа бейжай қарамайтын белсенді тұрғындар болды.
Флешмобтың негізгі мақсаты – пластиктің зияны туралы қоғамның хабардарлығын арттыру және күнделікті өмірде экологиялық баламаларды қолдануды насихаттау.
Іс-шараның басты назарын аудартқан бөлігі – «Ұстаздар» гүлзарында орнатылған мобильді эко-бекет болды. Мұнда кез келген адам пайдаланылған бір реттік пластик ыдыстарын өткізіп, орнына экологиялық таза өнімдер – қағаз майлықтар, қайта пайдалануға болатын пакеттер және табиғатқа зиянсыз өзге де бұйымдар ала алды.
Флешмоб аясында ерекше мәнге ие болған #1КүнПластиксіз челленджінде «Жасыл ел» сарбаздары бір күн бойы пластиктен бас тартып, бір реттік ыдыстарды көп реттік баламалармен оңай ауыстыруға болатынын көрсетті. Қатысушылар өздерінің эко-әдеттерімен бөлісіп, әлеуметтік желілерде #1КүнПластиксіз, #ЖасылЕл, #БайқоңырБезПластика хештегтерімен фото және видео жариялап, саналы тұтынуға үн қосты.
Бұл флешмоб бір күннің өзінде-ақ ұзақ мерзімді өзгерістерге шабыттандыруға болатынын көрсеткен ерекше үлгі болды.