Елорда әуежайында суық қару тапсыратын жәшік орнатылды

Кейінгі кездері жолаушылар арасында кастет, пышақ, таяқша және тағы басқа суық қаруды анықтау деректері жиілеген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мұндай заттарды алып жүруі қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Бас прокуратура мәліметінше, соңғы 5 жылда осындай деректермен 92 адам сотталған.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы мен Астана қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.
– Біз елорда әуежайының аумағында суық қаруды өз еркімен тапсыру үшін арнайы жәшік орнаттық. Қылмыстық кодекстің 287-бабының ескертпесіне сәйкес, суық қаруды өз еркімен тапсырған адам, егер әрекетінде өзге қылмыс белгілері болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бүгінгі күнде жолаушылар суық қаруды өз еркімен тапсыруда. Осылайша, қылмыстық жазадан құтылу үшін суық қаруды тапсыруды ұсынамыз, – делінген хабарламада.
https://kaz.inform.kz/news/elorda-auezhayinda-suik-karu-tapsiru-ushn-arnayi-zhashk-ornatildi-3305ff/