Мәдениет

Жайықтың ақын Жібегі

Айтыс ақыны, филология ғылымдарының кандидаты Жібек Болтанованың жеке құжаттары Астана қаласы Мемлекеттік архиві қорына қабылданды. Ұлттық домбыра күніне орай өткен іс-шара аясында «Жайықтың ақын Жібегі» атты дөңгелек үстел отырысы мен «Домбыра – ұлттың асыл қазынасы» көрмесі ұйымдастырылды.

Ақынның шығармашылығынан сыр шертетін көрмеге Жібек Болтанованың балалалық шағынан бастап, қазіргі күнге дейінгі фотосуреттер, ол туралы баспасөз беттерінде жарияланған материалдар қойылды. Өнер ақынға анасынан дарыған. Жібектің анасы Баян Құбайқызы республикалық өнер және цирк студиясында (қазіргі Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжі) Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алды. Қызын да өнерге баулып, Жібек оқушы кезінде республикалық жыршы-термешілердің байқауына қатысты. Айтыс сахнасында да біршама жетістіктерге жетті. Мәселен, Ақмола Астана атанғанда бас қалада ұйымдастырылған алғашқы республикалық айтыстың бас жүлдесін иеленді.

Жалпы Жібек Болтанованың елорда тұрғыны болғанына 30 жылға жуықтады. Содан бері Астанамен бірге өсіп-өркендеп, елорданың дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатыр. Ал ғасырлар тоғысында өткен сол айтыс ұйымдастырылғанда бас қалаға келгеніне екі ай ғана болған еді. Осында ғылымға ден қойып, ғылыми атағын ҰҒА академигі Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен қорғады. Бүгіндері ақын Музыкалық жас көрермен театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып отыр.

Дөңгелек үстел отырысын Астана қаласының Мемлекеттік архиві ғылыми зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметі басшысының орынбасары, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы тізгіндеп, жиынның мақсат-міндеттеріне, мәдениеттің ел өмірінде алатын үлкен орнына тоқталды. Белгілі адамдардың құжаттары мен мұрасын архив қорына қабылдаудың маңызы жайлы айтты. Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин қалалық архив жұмысымен, мекеменің биыл іске асырған жобаларымен таныстырды. Жібек Болтановаға мекеме атынан алғыс хат тапсырды.

Жуырда ғана осы архив өз қорына мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазының құжаттарын қабылдады. Астананың дамуына, рухани түлеуіне ерекше үлес қосқан қайраткер мен қалалық архив директорының орынбасары, белгілі композитор, педагогика ғылымдарының докторы Тілеуғали Қышқашбай елорданың өткенінен қызықты естеліктерді жаңғыртты. Соның ішінде шығармашылық адамына өнерін өрістету үшін отбасының демеуі керектігін айтып, Жібектің жары Ергелдінің жұбайын қолдауын ерекше атап өтті.

Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров Жібек Болтановамен айтыс сахнасына сонау бозбала шағында бірге шыққанын, таныстықтарына 37 жыл болғанын айта келе, Жібек пен Аманжол Әлтаевтың кезінде өткен айтысын қыз бен жігіт айтысының үздік үлгісі санайтынын, бұл айтыс «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланғанын, бүгінгі айтыс ақындары мақамды араластырып жібергенін, бұрын әр өңірдің өзіне тән мақамы болғанын айтты. Айтыс, өнер төңірегінде мәнді, мағыналы әңгіме өрбітті.

Ән-күймен көркемделген жиында журналист, жазушы Жадыра Шамұратова тілегін жеткізді. Белгілі күйші, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Айтбаев, Музыкалық жас көрермен театрының әртістері Оразалы Игілік, Нұржан Тыныбек, Мұхаммед Бейсен, Рахат Өміржан домбыраны күмбірлетті. Отырысты қорытындылаған Жібек Болтанова Астана қаласы Мемлекеттік архивіне, іс-шараға жиналғандарға алғыс айтты.

                                                                             Аманғали Қалжанов            

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button