Елордалық амфитеатрда «JazzVIBE» концерті өтеді

3 шілде күні Астана күніне арналған «JazzVIBE» концерті Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда өтеді. Іс-шараға «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі мен «Жастар» сарайының «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі қатысады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Концерт бағдарламасына дәстүрлі джаз, джаз-рок, поп-музыка және өзге де заманауи бағыттағы музыкалық шығармалар енген. Музыканттар әлемге әйгілі хиттерді, авторлық туындыларды және қазақ әуендерін тың аранжировкаларда орындайды.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі – «Мәдениет саласының үздігі» Ержан Исин, бас дирижері – «Мәдениет саласының үздігі» Қасым Айтбаев, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әліби Әбдинұров.
«Жігер» ансамблінің көркемдік жетекшісі – композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері, «Құрмет» орденінің иегері Рүстем Әміров.
Концертке сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Зарина Божақова, Татьяна Ким, Евгений Ботников, Әсет Қасайынов, Ақжол Исин, Өнер Құлов, Мәди Сыздықов, Елена Белякова, Нұрлыбек Закенов, Аман Шаймерденов және Бақытжан Масалим қатысады.
Концерт 3 шілде күні сағат 20:00-де басталады.