Былтыр травматологиялық қызметтерге 2,5 млн-нан астам адам жүгінген

Қазақстанда травматология және ортопедия қызметі үш деңгейлі өңірлендіру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысовтың айтуынша, бірінші деңгейде 161 медициналық ұйым шұғыл медициналық көмек, бастапқы диагностика және зардап шеккен адамды тұрақтандыруды жүзеге асырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін, жедел ота жасау қажет болған жағдайда, ол екінші деңгейдегі медициналық ұйымға ауыстырылады. Бұл деңгейде зардап шеккендерге операция жасап, ұзақ мерзімді терапия мен оңалтуды жүзеге асыратын 52 медициналық ұйым жұмыс істейді. Ал жоғары технологиялық медициналық көмек қажет болған жағдайда, пациент үшінші деңгейдегі медициналық ұйымға ауыстырылады. Мұндай көмекті елімізде 51 медициналық ұйым көрсетеді.