Ел тынысы

Инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша семинар өтті

Сыртқы істер министрлігі ҚР Бас прокуратурасымен бірлесіп «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының алаңында «Ашық есік күні» семинарын ұйымдастырды. Іс-шараға өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, облыс прокурорларының орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері, сондай-ақ онлайн форматта қосылған 1000-нан астам бизнес өкілі қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесудің мақсаты инвестициялық ахуалды жақсарту, ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің тиімділігін арттыру, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасының (ҰЦИП) мүмкіндіктерін көрсету және инвесторлар тап болатын жүйелі мәселелерді талқылау болды.

Семинарды ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкулов ашты. «Инвесторларды сүйемелдеудің заманауи цифрлық инфрақұрылымын құру – жобаларды жедел іске асырудың кілті. ҰЦИП бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, ашықтықты арттырады және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті жеңілдетеді. Бұл – инвесторлар үшін қолайлы және болжамды орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам», – деді ол.

ҚР Бас прокуратурасы атынан Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Мәди Айхимбеков сөз сөйледі. Ол прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы қызметі туралы айтып, соңғы жылдары қадағалау органдарының қатысуымен 1000-нан астам проблемалық мәселе шешілгенін атап өтті. Ерекше назар тізімге енгізілген инвесторларға қатысты бақылау іс-шараларын келісу механизміне аударылды.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті: «СІМ, «Kazakh Invest» және Бас прокуратураның бірлескен күш-жігері бизнесті жүргізуге қолайлы және қауіпсіз құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Процестерді цифрландыру мен институционалдық қолдаудың артуы мемлекеттің инвесторлармен конструктивті диалогқа дайын екенін көрсетеді».

Семинар барысында қатысушыларға ҰЦИП платформасының жұмысы көрсетіліп, Бірыңғай реестрдегі нақты кейстер мен қабылданған нормативтік өзгерістер таныстырылды.

«Сұрақ-жауап» сессиясында инвесторлар практикалық сипаттағы көптеген сұрақтар қойып, мемлекеттік органдар тарапынан нақты жауаптар алды. Жобаларды жүзеге асыру барысында туындаған жүйелі қиындықтарға байланысты бірқатар мәселелер Бас прокуратура қызметкерлерінің бақылауына алынды.

Бизнес өкілдері іс-шараның практикалық құндылығын атап өтіп, мемлекеттік органдармен тікелей диалогтың маңызын және жобаларды іске асыру бойынша өзекті мәселелерге жедел түсініктеме алуға мүмкіндік бар екенін айтты. Олардың айтуынша, мұндай форматтар қолданыстағы кедергілерді ғана анықтап қоймай, сонымен қатар іскерлік ортаны жақсартуға және инвесторлар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететін бірлескен шешімдерді табуға мүмкіндік береді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button