Ел тынысыҚоғам

Елордалық IT-лагерьде ерекше іс-шара өтті

Елордадағы №81 Astana English School Халықаралық мектебі жанындағы Digital Generation IT жазғы лагерінде робофутбол бойынша жарыстармен қамтылған ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың цифрлық дағдыларын дамыту және оларды ақпараттық технологиялар әлеміне тереңірек бойлату.

Оқушылар өз қолдарымен құрастырған роботтарды басқарып, жарысқа түсіп, робофутбол сайысына айналдырды.

Қалалық Білім басқармасының қолдауымен өткен шара барысында 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар дрон ұшырып, анимациялар мен 3D модельдер жасап, лагерь кезінде әзірлеген жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ, алгоритм құрастыру бойынша шеберлік сағаты өтті. Онда қатысушыларға роботтарды логика, шарттар және циклдер арқылы басқару тәсілдері түсіндірілді.

Қатысушылар қатарында №81, 92, 97, 103 және 104 мектеп оқушылары, сондай-ақ Kaz Rocket орталығы мен Astana IT University өкілдері болды.

«Мен IT бағыты бойынша оқуға түсуді жоспарлап жүрмін. Бұл лагерь мен үшін осы салаға алғашқы қадам жасауға тамаша мүмкіндік болды. Әсіресе, робофутбол сайысы мен робот-ит есімде ерекше қалды. Бұл технологияларды үйренуді шынымен қызықты етеді», – деді лагерь қатысушысы Жәңгір Майсақан.

Лагерь бағдарламасына TinkerCad бағдарламасымен 3D-модельдеу, Scratch және Krita платформаларында цифрлық анимация жасау, Adobe Photoshop пен Illustrator бағдарламаларында графикалық дизайн негіздері, Roblox Studio платформасында ойындар әзірлеу, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларымен танысу, оның ішінде жеке чат-бот жасау кіреді.

«Цифрлық дәуір білім беруде жаңа тәсілдерді талап етеді. Бұл лагерь балаларға технологияны меңгеруге ғана емес, сыни ойлау, креативтілік және логикалық қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Мұндай бастамалар IT саласындағы болашақ таланттарға серпін беретініне сенеміз», – деді №43 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күлаш Саттыбаева.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар техникалық және логикалық дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, командада жұмыс істеу арқылы өздерінің креативтік әлеуетін ашты. Ең үздік жобалар мақтау қағаздары мен сертификаттармен марапатталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button