Басты ақпаратМәселе

Ақылы жолдың ақшасын айтсақ…

Бүгінде ел бойынша ұзындығы 3900 шақырым болатын 20 бағыттағы ақылы жол учаскесі белгіленген. Бұл жерде жолдың әр учаскесі бойынша әртүрлі тариф те бар. Сонымен, арғысына бармай-ақ, өткен жылдың есебіне үңілсек. Былтыр бюджетке 48 млрд теңге шамасында қаржы түсірген ақылы жолдың ақшасын жауаптылар қалай жаратып отыр? Жол сапасын арттыруды көздейміз деген министрлік биыл тағы қанша ақылы жолды іске қоспақ? «Жыртықты бүтіндейміз» деген жоспарлы әрекеттің ендігі жай-жапсарын мақала өзегінде көрсетуге тырыстық.

Алдымен осы жобаның аз-кем тарихын айтсақ. Бізде ең алғаш ақылы жолға кірген автожол – «Астана-Щучинск» бағыты. Ол 2013 жылдан бастап ақылы. Арада 6 жылдан кейін, 2019 жылдың басында «Астана-Теміртау», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қонаев» жолдарына ақы төлене бастады. 2021 жылдың қарашасынан бастап ақылы негізде «Астана-Павлодар», «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Өзбекстан» шекарасы, «Қонаев-Талдықорған», сондай-ақ, «Щучинск-Көкшетау» бағытындағы жолдар іске қосылды. Ал 2023 жылдың соңына қарай «Павлодар-Қалбатау», «Бейнеу-Ақжігіт», «Орал-Самара», «Павлодар-Омск», «Көкшетау-Петропавл», «Орал-­Саратов» автожолдарының тағы 6 учаскесі ақылы болды.

Түрлі-түрлі төлем бар

Жалпы жолдың төлемақысы Көлік министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Біздегі әр учаске бо­йынша өзіне бекітілген тарифі бар дедік. Соған орай сомасы да әртүрлі. Сондай-ақ барлық категориядағы автокөліктерге айлық немесе бір жылдық абонементтер бар. Мамандар 1403 нөміріне хабарласып, болмаса kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы абонемент рәсімдеуге болатынын айтады. Бұл ұдайы жолда жүретіндер үшін тиімді.

«Әр ақылы учаске бірнеше аймаққа бөлінген. Аймақтардың шекарасында бақылау аркалары орнатылады. Төлем мөлшері осы аймақтарға тікелей байланысты. Бұл ретте аймақтың ұзақтығы аудандардың ұзындығымен байланысты емес, яғни бақылау аркасын кесіп өту кезінде жүйе көлік құралының бірінен шығуын және ақылы учаскенің келесі аймағына кіруін тіркейді. Төлемақы мөлшері автокөліктердің жүк көтергіштігіне байланысты. I санаттағы жолдарда барлық көлік құралы жол ақысын төлейді, ал ІІ/III санаттағы жолдарда жол ақысы тек жүк көлігінен алынады. Бүгінде «Астана-Павлодар», «Астана-Щучинск», «Щучинск-Көкшетау», «Астана-Теміртау», «Алматы-Қонаев», «Қонаев-Талдықорған», «Алматы-Қорғас», «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Өзбекстан» шекарасы (Ташкент) учаскелері І техникалық санаттың нормативтік талаптарына сәйкес келеді» дейді министрлік өз жауабында.

Ақша қайда кетуде?

Былтыр барлық ақылы жолдың есебінен шамамен 48 млрд теңге қаржы түскен. Көпшілікке бұл қаржының қайда жұмсалатыны қызық. Жалпы біздегі республикалық маңыздағы автожолдар ақылы болғаннан бастап олардың шығынына мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Дұрысы, жоба басталғалы ақылы учаскелер өзін-өзі қаржыландыруға көшті.

Министрлік берген ақпаратта түскен қаржы ақылы жолдарды күтіп-ұстауға және жөндеуге жұмсалады. Бұған қардан тазалау, тайғаққа қарсы материалдарды себу, қар тоқтататын қоршау орнату, жол белгілерін жаңарту, жолақтар салу, күнделікті жолдың бойын және жиектерін жинау, демалыс алаңдарын тазалау, ­т. б. жұмыстар кіреді. Сондай-ақ осыған қажетті арнайы техника сатып алу да қарастырылған.

Рас, жолдың ақысын төлеген соң ондағы жағдайдың жасалғаны дұрыс-ақ. Бірақ кейбір жерлерде қызмет көрсету сервисінен бөлек, жол сапасы да көңіл көншітпейді.

Айта кетейік, ақылы автожолдарды күтіп-ұстауға «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ-тың облыстық филиалдары және «КАЖсервис» ЖШС жауапты.

– Жергілікті «ҚазАвтоЖол» мекемесі өзіне тиесілі жұмыс­ты атқарып отырса, көлік жүргізушілері оған дау айтпайды. Тек халықтан түскен түсімнің мақсатты жұмсалғаны керек. Өзім көп қатынайтын «Қызыл­орда-Шымкент» бағытында бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Ойылған-бұзылған жолды тез арада тегістеп, қалпына келтіріп отыр. Ал осыны қайта келтіру үшін тендерге салып, құжатын рәсімдеп, құрылысты жүргізетін компания белгілі болам дегенше, бұзылған жол одан әрі бүлінеді. Бір сөзбен айтқанда, уақыт көп кетеді. Сондықтан ақылы жол күтіміне жауаптылардың бір жерден бекітілгені дұрыс та шығар, – дейді көлік жүргізушісі Бағдат Есжанов.

Қазір ақылы учаскелердің бойында 326 сервис нысаны бар. Оның 78 пайызы ұлттық стандарт талабына сай. Сервис деп отырғанымыз – жанармай құю бекеттері, кемпингтер, қонақ үйлер, тамақтану пункттері, техникалық қызмет көрсету станциялары мен дәретханалар.

2029 жыл: ақылы жол – 11 мың шақырым

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың 2023-2032 жылдарға арналған даму жоспары аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақылы жүйе кезең-­кезеңімен енгізіледі. Ақылы жүйе енгізілетін учаскелерді анықтау кезінде транзиттік бағыттарға назар аударылады. Ал 2024-2025 жылдары жалпы ұзындығы 2,4 мың шақырым («Қостанай-­Троицк», «Ақтөбе-Орынбор», «Ақтау-­Бейнеу», «Қызылорда-Ақтөбе» облысының шекарасы, «Үш­арал-Достық», «Қостанай-Денисовка», «Мақат-Қандыағаш», «Тараз қаласындағы айналма жолы», «Қарағанды қаласындағы айналма жолы», «Балқаш-Бурылбайтал», «Шу-Бурылбайтал») жолда ақылы жүйе енгізіледі деп жоспарланған. Ал ақылы учаскелерді енгізу жоғарыда аталған автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін және олар нормативтік талаптарға толық сәйкес болғаннан кейін ғана бірте-бірте басталатын көрінеді. Ресми деректерде бұл жолдардың кейбірі ақылы санатқа кіріп те үлгерген.

– Ақылы жолға ақша төлейсің, бірақ онда сервистік қызмет көрсету сапасы қалай? Көлік бұзылса немесе жанармай бітсе, бәлкім, басқаша жағдай болса, тұрақтайтын орын саны жеткілікті ме? Екіншіден, ақылы жол бойындағы орташа жылдамдық көрсеткіші деген де бар. Яғни жылдамдықты белгілі бір деңгейден асырмау. Тегіс жолда көп жүргізуші осыдан қателесіп жатады. Жетер жеріне жедел жетіп, уақыт ұтқысы келетін жүргізуші жолға ақы төлеуден бөлек, бұл жағынан айыппұл арқалауы да бек мүмкін. Мемлекет дәл осы жүйені табыс көзіне айналдырып алғандай. Көп адам осыған шағым айтады. Өйткені 4 сағатта жететін межеге орташа жылдамдық сағатына 110 шақырым қойса, 6-7 сағатта көзіне ұйқы тығылып, шаршап барады емес пе? Апатты болдырмаудың себебі деп түсіндіруі мүмкін, керісінше, ұлы жолда көзі ілініп, жол шетіне аунап кетіп жатқандар да көп, – дейді экономист Мырзахмет Өксікбаев.

Оның сөзінше, ақылы жол жүйесінде осындай мәселелерді қайта қарау керек сияқты. Сондай-ақ өзге де шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенген абзал. Әсіресе, Еуропа мемлекеттерінде бұл сала жақсы жолға қойылған.

– Мен Германияда болдым, онда ақылы жол деген ұғым жоқ. Біздегілер айтып жүрген оның ақшасы жолдың күтіміне кетеді дейтінге келсек, мен айт­қан мемлекетте бұл жағына сол үлкен автобандардың бойындағы сервистік нысандардан түскен салықтар осындай мақсатқа жұмсалады екен. Бір қызығы, ондай сервистік нысандар белгілі бір қашықтықты сақтай отырып орналасқан. Бұл – көлік жүргізушілеріне үлкен көмек, – дейді сарапшымыз.

Жалпы 2029 жылға дейін реконс­трукциялау жұмыстары жүріп, оның аяқталуына қарай мұндай ақылы жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілмек. Бірақ бұл да сенімсіз. Кейінгі уақыттағы жол инфрақұрылымына қатысты сынның көп екенін ескерсек, халық қалтасын қағатын сапасыз жол саны бірден кемуі неғайбыл.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button