Басты ақпаратҚала мен сала

«Астана Тазалық»: Сан түрлі маман көп керек

Күні кеше ғана елордадағы «Астана Тазалық» ЖШС БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз турын өткізгені бар. Мұндағы мақсат – Астанадағы күн тәртібінен түспейтін санитарлық тазалық жұмыстарын тілші қауым арқылы бұқараны хабардар ету. Анығында, қаланың 40 пайызын күнделікті (бір күнде 30-дан 80 тоннаға дейін көше қалдықтары) тазалайтын мекеменің жұмыс арқауын сезінгендей болдық.

Бір көше немесе 6000 тұқыл шылым

Бізге, яғни келушілерге мұнда барлық санитарлық талапқа жауап беретін заманауи техникалар таныс­тырылып, кәсіпорынның өндіріс алаңына экскурсия ұйымдастырылды. Ал біз өзіміз қызыққан сала мамандарын қоршап, сұрақ-жауаппен қажеттімізді біліп үлгердік.

– Астана – қарқынды дамып жатқан заманауи мегаполис. Мұнда күн сайын ауқымды құрылыс жүріп жатыр, көлік саны онсыз да көп екенін жақсы білесіздер, – деп бастады сөзін «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов. – Бұл қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктеменің артуына әкеліп отыр. Жалпы қала тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, сонымен бірге сіз бен біздің экологиялық санамыз бен жауапкершілігімізге тікелей байланысты. Сіздерге қызық болуы әбден мүмкін, біз жақында мынадай бір тәжірибе өткіздік. Мысалы, қала бір күн тазаланбаса не болады? Расымен, ойлаудың өзі тым қорқынышты…

Бас директордың сөзіне сенсек, қаладағы басты көшелердің бірі – Керей-Жәнібек хандар көшесінен Мәңгілік ел даңғылындағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына дейінгі аралық бір күн бойы әдейі тазаланбаған. Ал енді қызықты, дұрысы, шыжықты қараңыз.

Сол бір көшенің аз ғана бөлігінен табылған қоқыс қалдықтарын санамалап берейік. 6112 дана темекі тұқылы, 658 алюминий банкасы, 78 банан қабығы, 343 қағаз қалдығы, 436 балмұздақ орамасы терілген. Ойлап қараңыз, адам қолымен істелген бір күндік «нәтиже»!

– Бұл көрсеткіш тұрмыстық ластанудың ауқымын ғана емес, сонымен қатар қалалық өмір салтында қалыптасып қалған мәдени дағдыларды да айқын көрсетіп отырған жоқ па? Әсіресе, темекі тұқылының басым болуы – алаңдатарлық жайт. Олар қала келбетіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына да тікелей қауіп төндіретін, көшедегі ең кең таралған қоқыс түріне айналып отыр, – дейді Замир Сағынов.

Оның айтуынша, бұл тәжірибе тұрғындардың өз қаласына деген көз­қарасы өзгермейінше, коммуналдық ­қыз­меттің жүйелі жұмысы да ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізбейтінінің дәлелі екенін көрсетіп-ақ тұр.

Зейнеткер орнын кім басар?

Баспасөз турында «Астана Тазалық» пен Кәсіби технологиялар колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Бұл құжат санитарлық қызмет пен қаланы абаттандыру саласына жаңа мамандар даярлауға бағытталып отыр. Енді колледж студенттері кәсіпорын базасында ақылы өндірістік тәжірибеден өтеді. Алдағы уақытта бұл бағдарлама кеңейіп, осындай мүмкіндік елордадағы басқа да оқу орындарының студенттеріне берілмек. Бұған себеп те жоқ емес еді. Өйткені жұмысшылар арасында жасамыс көп. Көбі зейнет жасына жақындаған. Мұны бас директор да мойындаған еді. Замир Сағыновтың айтуынша, осы жылдың өзінде 70 қызметкер зейнетке шыққан. Ал олардың орнын басатын маман тапшы.

«Мойындау керек, жұмысшы ма­мандар жетіспейді. Біз аталған ­колледжбен осы мәселені шешу үшін меморандумға отырдық. Алдағы уа­қытта жас мамандар бізге көптеп келу үшін бар жағдайды жасаймыз. Қазір студенттерді ынталандыру үшін ақылы негізде тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Одан бөлек, басқа да жұмысшыларға жатақхана беру, тегін жол жүру, қала сыртында тұратын қызметкерлерді тегін тасымалдау сынды жұмыстар жақсы жолға түсіп келеді. Қыста бір мезгіл ыстық тамақ та берілді» дейді З.Сағынов.

Тың жаңалықтың бірі – жұмысшыларға жеңілдетілген ипотекамен баспана алып беру жағына қолдау көрсету. Тіпті банкке төленетін алғашқы жарнаны да кәсіпорын өз мойнына алмақ. Бас директордың сөзінше, бұл жұмыстар қазір бір ізге түскендей.

«Кәсіпорынға тәжірибеден өтуге келгеніме 3 айдан асты. Сол уақыт аралығында көп нәрсе үйрендім. Менің мамандығым – техник-механик. Кәсіп­орындағы аға буынмен бірлесіп, бұзыл­ған көліктерді қайта жөндеу, қосалқы бөлшектерін уақытылы алмастыру, май ауыстыру сияқты жұмыстарды өз қолыммен атқардым. Алдағы уақытта осында тұрақты жұмысқа орналассам деймін. Өзімнің бірге оқитын достарымды да осы салаға, кәсіпорынға келуге үгіттеп жүрмін» дейді Кәсіби технологиялар колледжінің студенті Құдірет Кенжеғұл.

Құдірет мұнда ақылы негізде тәжірибеден өтуде. Айына шотына 150 мың теңге жалақы түседі. Студент үшін бұл аз ақша емес. Әрі қосымша шәкіртақысы да бар. Ең бастысы, ол мұнда өз мамандығының ішкі қыртыс-тыртысын асықпай меңгеруге мүмкіндік алды.

Айтпақшы, кәсіпорын жұмысын көре жүріп, компанияның цифрлық бақылау жүйесімен таныстық. Бізбен кездескен техникалық бақылау бөлімінің басшысы Дастан Мұсабековтің айтуынша, барлық техникаға орнатылған жаңа GPS-навигациялар арнайы машиналардың қозғалысын да, жүргізушілердің тәртібін де нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі жүйе техниканың қай жерде екенін ғана емес, жүргізушінің маршруттан ауытқуын, ұзақ тұрып қалуын, тіпті ұйықтап кеткенін де тіркейді. Мұндай технологиялар тәртіп пен қауіпсіздікті арттырып, жұмыс сапасын жақсартады» дейді Д.Мұсабеков.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button