Емханада кезек неге көп?

Қазіргі таңда медицина саласының халыққа қолжетімді болуы – маңызды міндеттің бірі. Дегенмен дәрігердің қабылдауына жазылу үшін ұзақ уақыт күту, сағаттап кезекте тұру көптеген тұрғын үшін қалыпты құбылысқа айналған. «Дәрігердің қабылдауына жазылу қиын», «Сағаттап кезек күту керек» деген пікірлер жиі естіледі. Шынында, медициналық көмекке сұраныс жоғары, ал оның көрсетілуі баяу ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша халық санына шаққанда әр 10 мың тұрғынға 25 дәрігерден кем болмауы керек. Биылғы 1 сәуірдегі санақ бойынша Астана қаласындағы халық саны 1551213 адамды құрады. Кезектің көп болуының басты себебі де осы – халық санының өсуі мен медициналық қызметке деген сұраныстың артуы. Мәселен, Астана қаласында 31 емхана бар. Жекеменшік ауруханалар саны қаншама. Былтыр елордада 11,7 миллион рет сырқатқа көмек көрсетілу тіркелген екен. Оның 4,2 миллионы – балалар. Сондай-ақ тұрғындар дәрігерді үйіне 992,5 мың рет шақыртқан.
Қазіргі таңда қала емханалары ауыр жүктемемен жұмыс істейді. Әр емхана орташа есеппен 1,5-2 есе көп тұрғынға қызмет көрсетеді. Мәселен, емханалар жоспар бойынша 11 мың келушіні қабылдауы тиіс болса, шын мәнінде, 22 мыңнан астам адамға қызмет көрсетуде. Астана қаласының әкімдігі осы мәселені шешу үшін 2025-2027 жылдар аралығында 6 жаңа емхана салуды жоспарлап отыр. Оның ішінде 2 мекеме – мемлекеттік, қалған 4-еуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынады.
Бүгінде созылмалы сырқаты бар адамдардың саны артты, сәйкесінше уақытылы тексеріс те міндетті болып тұр. Жастар да, қарттар да емханаға баруға мәжбүр. Ал бір дәрігерге жүктеме тым көп. Біреуі – диспансерлік науқастарды, екіншісі – жедел көмек сұрағандарды қабылдайды. Дәрігерлерге бір адамды тексеру үшін 10 минут қана беріледі екен. Бұл 10 минуттың ішінде диагноз қойып, ем жазып, тағы қағаз толтыру керек. Бәріне бірдей үлгеру ақ халаттылар үшін өте қиын.
«Дәрігер алдындағы кезектің көп болуы халық арасында емхана туралы түсініктің дұрыс қалыптаспауынан туындайды. Себебі емхана – кезексіз көмек көрсететін орын емес, жоспарлы түрде тексеріліп, емделетін жер. Халық оны дұрыс түсінбей, алдын ала дәрігерге жазылған науқастармен қоса жазылмаған науқастарды да қабылдауын талап етеді. Дәрігер алдындағы кезекті азайту үшін алдымен халық өз денсаулығының жауапкершілігін өздері алғанда және сырқаты асқынған кезде емес, жыл сайын тексерістен өтіп, аурудың алдын алған кезде ғана азаяды» дейді резидент-невролог Әйгерім Пернебай.
Расында, қазір емханаға жазылу үшін eGov.kz, Damumed қосымшалары бар. Алайда бәрі бірдей оны пайдалана бермейді. Көптеген қарт кісі онлайн-жазылуды білмейді, ал жастар көбіне ыңғайсыз деп есептейді. Сөйтіп, тіркеу бөлімінде ұзын-сонар кезек пайда болады.
«Емханаға барсам, тіркеуде 20 шақты адам отыр. Таңғы 7-де барып кезекке тұрамын. Қабылдауға кіргенше түс болады. Қайда барсаң да, халықтың қарасы қалың. Қарапайым тұмаумен де, созылмалы аурумен де бір жерден кезек күтіп тұрамыз. Қайсысына жетеді дәрігер?» дейді елордалық зейнеткер Салиха Қыдыралиева.
Бір жағынан, мемлекет тегін медициналық қызметті ұсынады. Қалалық емханаларда күн сайын жүздеген науқас тіркеледі. Ал дәрігерлер ше? Бірі демалыссыз жұмыс істеп, екіншісі құжаттан бас көтере алмайды. Тұрғындар ашуланады. Бірақ ашу – шыдамсыздықтан емес, үмітсіздіктен. Себебін бәрі біледі – кезек азаймайды. Ауруы асқынып тұрғанда күту өте қиын. Біреуі жұмысынан сұранып барса, біреуі баласы ашыққанша күтеді. Халық үшін бұл – жай ғана жүйке мен уақыт емес, қаржы да. Кейде халық «дәрігер кінәлі» деп айыптайды. Бірақ дәрігердің де күні қарбалас. Бір науқасты тыңдап, екіншісіне ұмтылған маманның жазығы неде? Қағаз, есеп, онлайн жүйе – бәрі бір адамның мойнында. Дәрігердің бір күндік жүгі кейде үш адамның жұмысымен пара-пар.
«Бір мезгілде екі майданда жұмыс істеп отырмыз. Науқасты тыңдаймыз, қағазды да толтырамыз. Қарапайым есептің өзін бірнеше рет сұрайды. Әрине, халыққа да, бізге де қиын» дейді елордалық дәрігердің бірі Ақбөпе Олжасқызы.
Кейде қарапайым суық тиюді де міндетті түрде дәрігер арқылы емдетуге тырысамыз. Өздігінен емделу мәдениеті, алғашқы жәрдем көрсету шараларын білу әлі де дамып келеді. Дейтұрғанмен, дәрігердің қабылдауына баруы тиіс науқастардың орнына кезекте жеңіл сырқатпен келген адамдардың саны көп. Қысқасы, «дәрігерге кезек көп» деген мәселе бір күнде шешілетін шаруа емес. Бұл – медицинадағы өзгерісті, халықтың өз жауапкершілігін қажет ететін маңызды мәселе. Дәрігерге жету қиын болмасын десек, мемлекет те, халық та, медицина қызметкерлері де бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті