Қала мен сала

«Тазалықшы» ­көліктер құрастырады

Әдетте, қала тазалығы – барлығымызға ортақ. Мұны кез келген адам түсінетіні анық. Отырған орнымыз немесе ауламыздан бөлек, көше тазалығын сақтау да үлкен жауап­кершілік. Біз білетіндей, тазалыққа жауапты мекемелер адамдармен қатар, түрлі техниканың көмегіне жүгініп жатады. Әрі олардың атқаратын міндеті де әртүрлі. Бірі қыс айында қар тазалайды, тайғақ болдырмау үшін тұзды құм себеді, енді бірі жаз айында жол үстін сыпырып, шаң басу үшін су шашады. Енді бірінің жүгі тіптен ауыр. Айтып отыр­ған көлігіміз қала ішіндегі мөлтек аудандарды тынымсыз шарлап, белгіленген жердегі қоқыс жәшіктерін босатып жатады. Әрі бұл жұмыс күнделікті тынымсыз, тәулік бойы дамылсыз жүре беретінін көбіміз байқай да бермейміз ғой.

Италиялық «Iveco» маркасымен белгілі арнайы жүк көліктерін құрас­тыратын «Stahlbau» ЖШС елімізде 2015 жылдың көктемінен бері жұмыс істейді. Астана қаласы маңындағы №1 индустриялық парктен 4 гектарға жуық жер алып, жұмысын бастаған серіктестік нарыққа ең қажетті автомашиналар дайындап келеді. Барлық жобалық құны 1,2 млрд теңгені құраған өндіріс орнын арнайы аралағанымызда сапасына да, сырт сұлулығына да көз тоятындай түрлі жүк көлігін көрдік.

Дәл осы «Stahlbau» серіктестігі италиялық «Iveco» компаниясымен бірлесе отырып, жылына 100-ге жуық дәл осындай «тазалықшы» жүк көліктерін тапсырыспен құрастырып келеді.

«Қоқыс тасуға немесе жалпы тазалыққа арналған жүк көліктерінің барлық бөлшегі, яғни қаңқасы, двигателі, электрлі жабдықтар – бәрі-бәрі зауытқа келген соң, біздің арнайы мамандар оны қабылдап, құрастыру жұмысын бастайды. Бір жақсысы, зауыттағы жігіттердің басым көпшілігі – әмбебап. Олар көлік құрастырушы да, электрик те, дәнекерлеуші де бола алады. Барлығы – 30 адам бар. Жалпы машина құрастыру бойынша зауыт ішінде 5 пост бар. Әр посттың өзіндік міндеті болады. Бірі – қаңқадан бастап алдыңғы және артқы көпірлерін жинап, жүрістік бөлігін нықтайды. Екіншісінде – пневматикалық және электрлі құрылғылар, ал үшінші постта мотор мен қосалқы жабдықтары орнатылады. Төртіншісінде шанақ қойылып, оған қажетті заттардың барлығы бекітіледі» дейді зауыт директоры Максим Сломинский.

Оның айтуынша, бесінші постта құрастырылып болған көлікке қажетті сұйықтықтар (мотор майы, тосол, дизель, т. б.) құйылып, соңғы тексерістен өтеді. Осылайша, қажетті көлік әбден дайын болған соң, зауыт басшылығы тапсырыс берушінің қолына кілт ұсынады.

Айтпақшы, кәсіпорын цехын аралап жүргенімізде өзіміз «самосвал» деп атап кеткен ауыр жүк көлігін көрдік. Еңгезердей әрі қып-қызыл түске боялған «Astra» деп аталатын автомашинаның тек артқы жүк тиегіші жоқ. Кейін білгеніміздей, онысы бояу камерасында сырланып жатыр екен.

«Astra» маркасы да италиялық. Бұл – ауыр жүк таситын көліктер. Жүк көтеру шегі – 30 тонна. Көбіне-көп кен қазуда, құрылыста топырақ, тас тасуға таптырмас техника. Қазір мұндай машиналар еліміздің біршама құрылыс және геологиялық компаниясында бар. Мысалы, солардың бірі – «Қазақмыс» компаниясы.

«Бұл да Италиядан бөлшек түрінде келіп, біздің кәсіпорында толықтай құрастырылады. Тек артқы жүк тиейтін қорабы ғана өзіміздің елде істеледі. Осы №1 индустриялық паркте бірлескен әріптес серіктесіміз бар. Олар Теміртаудағы зауыттан алынған шикізатты бөлшек түрінде формаға келтіріп, өңдеп, бізге табыстаса, біздің жігіттер оны дәнекерлеп, көлік көлеміне сай жүк тиегіш қорап істейді. Артынша қажетті түске бояп, бірден құрастырылған жүк көлігінің үстіне орналастырамыз» дейді зауыттағы құрастыру цехының басқарушысы Мерей Базаркелді.

Зауыт өнімдеріне тапсырыс беруші еліміздің әр қаласынан да болып тұрады. Бірақ көбіне-көп Алматы қаласынан жиі сатып алушылар кездеседі. Ал былтыр Жезқазған қаласынан көп тапсырыс түскен.

«Біз тапсырыс берушінің ұсынысына қарай көлікті дайындаймыз. Екіншіден, біз дайын болған қай көлік түрін де өзіміз апарып беріп, барлық жүйесін түсіндіріп береміз. 30 тонналық ауыр жүк көліктерінен бөлек, «Iveco» маркалы қоқыс таситын жүк көліктері де біркелкі болмайды. Кубтық есеппен өлшеніп, 8-ден бастап 20 кубқа дейінгі өлшемдегі қоқыс жинайтын автомашиналар да­йындап келеміз. Қар тазалайтын немесе жаздыгүні су шашып, жол сыпыратын көліктеріміз де сондай» дейді Мерей Базаркелді.

Цех басқарушысының айтуынша, мамандарға ең оңайы – «Astra» жүк көлігін құрастыру. «Тазалықшы» көліктердегідей көпфункционалды емес, барлығы бірізділікпен әрі тез жиналады.

Бәлкім, мұны сырттан келген бөлшекті құрастыру жаңалық болып па дерсіз. Дегенмен сырт елдің авто саласындағы соны һәм тың жаңалыққа тосырқамай, оны (брендтік таңбаны) елге әкеліп, өзіміздің жігіттердің бір қолдан нарыққа шығаруы – үлкен еңбек. Мақаламызда да осыны ескерер деген ойдамыз.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button