Мектепте «Мамандықтар күні» өтті

Астанадағы №91 мектеп-гимназиясының жанындағы жазғы лагерьде әр күні балалар үшін ерекше мазмұнда ұйымдастырылуда. Бүгінгі күн – «Мамандықтар күні» деп аталды. Бұл – балалардың арманына қанат бітіріп, болашақ мамандығын айқындауға мүмкіндік берген ерекше бастама болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мектеп жанында үш түрлі лагерь жұмыс істейді:
– «Жазғы camp» – 1-4 сынып оқушыларына арналған, онда түрлі ойындар мен сергіту жаттығулары арқылы балалардың денсаулығы нығайтылады;
– «Тұлға camp» – 1-7 сынып оқушыларына арналған бейіндік лагерь, мұнда оқушылар жыл бойы меңгерген пәндерін тереңдетіп, зияткерлік бағыттағы сабақтарға қатысады;
– «Атамекен» киіз үй лагері – ұлттық бағыттағы, тек қазақ тілінде жүргізілетін, салт-дәстүр мен руханиятқа негізделген танымдық орталық.
№91 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ахметова:
– Бүгінгі күн – лагерьдің жалпы бағдарламасы аясында өтіп жатқан тағы бір ерекше күн. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады. Бүгін балалар түрлі мамандық иелерінің бейнесінде келіп, болашақта кім болғысы келетінін әңгімеледі, – деді.
Балалар шығармашылық шеберлікпен түрлі мамандық иелерінің киімін киіп келіп, өз армандарын ортаға салды. Бірі – ұшқыш, бірі – дәрігер, енді бірі модель болуды мақсат еткен. Олардың көзіндегі от пен жүректеріндегі сенім – болашақтың жарқын кепілі.
3-сынып оқушысы Сәрсен:
– Мен ұшқыш болғым келеді. Ұшақ болып көкке көтерілгім келеді. Егер ауа райы нашар болса, мен керек үйдің жанына қонамын. Сосын әуежайда істейтін ағаға телефон соғып, тұман қашан кететінін сұраймын, – деп балалық қиялын ашық жеткізді.
4-сынып оқушысы Лейла:
– Өскенде модель болғым келеді. Бүгін модель болып киініп келдім.
Ал Арина есімді оқушы:
– Мен өскенде балалар дәрігері боламын. Отбасымда дәрігер жоқ, бірақ бұл менің арманым. Мен алғашқысы боламын! – деп өз арманын мақтанышпен айтты.
Лагерь басшысы Дана Әубәкірова:
– Жазғы демалыстың қызықты өтуі үшін әр күнді тақырыптық форматта ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі «Мамандықтар күні» – балаларға болашаққа нақты қадам жасауға түрткі болатын маңызды күн. Олар тек ойын ойнап, демалып қана қоймай, өз қабілетін дамытуға, елге қызмет етуге талпынуда, – деп атап өтті.
Шығармашылық та, білім де қатар жүреді
«Тұлға camp» лагері балалардың танымдық және зияткерлік қабілетін дамытуға бағытталған. Мұнда «Қызықты Mathematics» кабинеті жұмыс істейді. Сабақтар тек есеп шығару емес, түрлі ойындар мен тапсырмалар арқылы қызықты әрі түсінікті түрде өтеді. Еркін, жылы атмосфера балалардың белсенділігін арттырып, білімге деген құлшынысын еселейді.
Мектеп ішінде орналасқан қолөнер бұрышында оқушылардың қолымен жасалған бұйымдар қойылған. Түрлі аппликациялар, суреттер, табиғи материалдардан жасалған композициялар – балалар қиялы мен еңбегінің нақты көрінісі. Бұл лагерьдің шығармашылық бағытта да белсенді екенін дәлелдейді.
Күн сайын – жаңа тақырып
Лагерьдегі әр күн әртүрлі тақырыпқа арналады. Мәселен, «Мамандықтар күні» ғана емес, алда «Керісінше күн», «Суперқаһармандар күні», «Аватар күні», «Пираттар күні» секілді қызықты форматтағы күндер де балаларды күтуде. Бұл олардың қызығушылығын арттырып, демалысын ұмытылмас сәттерге толтырады.
Балалардың шынайы қуанышы мен белсенділігі – жазғы лагерьдің басты жетістігі. Мұнда әр бала өз арманын айтып, қиялымен бөлісе алады. Бұл – болашақ мамандардың алғашқы қадамы.
Ақнұр ТҰЯҚБАЙ,
Еуразия ұлттық университетінің студенті