Астанада «Отбасы Time» жобасы ашылды

Бүгін елордадағы қалалық алаң маңында «Отбасы Time» атты жобаның ашылуы өтті. Жоба жазғы кезеңде әр демалыс сайын отбасылық демалысты тиімді ұйымдастыруға бағытталады.
Халықаралық балаларды қорғау күнінде ашылған іс-шара ашық аспан астында ұйымдастырылып, алуан түрлі бағдарламамен жалғасын тапты. Алдымен жас өнерпаздардың мультхикаялардың кейіпкерлерімен бірге шеруі өтті. Дарынды балалар ән айтып, би билеп, бар өнерлерін ортаға салды.
«Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтаймын!
Жаздың алғашқы күні бала күлкісіне бөленіп, тамаша мерекемен басталады. Бүгінгі іс-шарада «Лимпопо» аниматорлары, «Алтын дән» би ансамблі, «Айналайын» хоры секілді бірқатар өнер ұжымы өз өнерін көрерменге паш етті. Бұл жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Әр демалыс күндері қала саябақтарында осындай мерекелік кештер ұйымдастырылатын болады», – деді өз сөзінде аталмыш жобаның жүргізушісі Мұхит Ташпенов.
Бүлдіршіндердің асыр салып, асыға күтетін мерейлі мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кішкентай тұрғындарды қуаныш пен шаттыққа бөледі. Іс-шараға қатысушылардың қарасы да көп болды.
– Мен Балалар күнін ерекше күтемін. Себебі ол күні біз ата-анамызбен серуендеп, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтереміз. Биылғы мереке де шаттық пен қызыққа толы. Жаңа достармен таныстым, маған тегін аквагрим салып берді, өзіме қатты ұнады. Бізге осындай көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді елордалық кішкентай тұрғын Аяулым Естай.
Индира Бержанова