Ел тынысы

Turkish Airlines Астанаға ұшулардың 20 жылдығын атап өтті

Turkish Airlines әуе компаниясы Қазақстан астанасына тұрақты рейстерді бастағанына 20 жыл толуына орай салтанатты шара өткізді. Іс-шара Астанадағы қонақ үйлердің бірінде ұйымдастырылып, оған дипломатиялық корпус, іскерлік орта мен авиация саласының өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мерекелік кешті Turkish Airlines әуе компаниясының Астанадағы бас директоры Энгин Ақбаш пен оның жұбайы Чигдем Ақбаш ұйымдастырды. Қонақтардың қатарында Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Turkish Airlines компаниясының Орталық және Оңтүстік Азия бойынша вице-президенті Синан Дилек және компанияның серіктестері мен достары болды.

Шара барысында Turkish Airlines туралы имидждік бейнеролик көрсетіліп, мерекелік торт кесілді. Сонымен қатар, компанияның Астанадағы кеңсе қызметкерлеріне және ынтымақтастық орнатқан серіктестерге алғыс хаттар табыс етілді.

Энгин Ақбаштың айтуынша, Астанаға алғашқы тұрақты рейстер 2005 жылы аптасына екі мәрте орындалған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш аптасына 11 рейске жетіп отыр, оның бесеуі – кең фюзеляжды ұшақтармен орындалады. Жалпы алғанда, Turkish Airlines Қазақстан бойынша аптасына 29 рейс жасайды: Алматы, Ақтау, Түркістан қалаларына тұрақты ұшулар бар, ал 16 маусымнан бастап Атырауға – елдің мұнай астанасы саналатын маңызды өнеркәсіптік орталығына рейстер ашылады.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның барлық қаласына ұшуларды жүзеге асыру. Өйткені Қазақстан – Орталық Азиядағы заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі», – деді Ақбаш мырза. Оның айтуынша, 1992 жылдан бері Turkish Airlines Қазақстан бағыты бойынша миллиондаған жолаушыны тасымалдаған.

Салтанатты кеш түрлі сыйлықтар ұтысымен және түрік тағамдарынан дәм татумен аяқталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button