Елордалық гимнасшылар Азия чемпионы атанды

Сингапурде өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында Астана қаласының спортшылары еліміздің атын тағы бір мәрте әлемге паш етті. Елордалық №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің командасы көпсайыс бағдарламасында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның көркем гимнастика тарихында тұңғыш рет командалық есепте жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Бұл – отандық гимнастика үшін аса маңызды әрі тарихи жетістік. Бұған дейін мұндай жоғары нәтиже тіркелмеген болатын. Олар білікті команданың жеке бапкері Меруерт Балғынбаева мен хореограф Шыңғыс Оспанбаевтың жетекшілігімен жоғары дайындығын көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Астаналық гимнасшылардың бұл жеңісі – ел спортындағы үлкен серпіліс пен жас буынға шабыт беретін айтулы оқиға», – дейді №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Қуат Тілегенов.
Жеңімпаз команданың құрамында Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова және Мадина Мырзабай сынды дарынды спортшылар өнер көрсетті.
Айта кету керек, бұл жарысқа 19 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысуда. Құрлықтық дода әлі жалғасуда, ертең ақтық сайыстар өтеді.