Мәдениет

Сағыныш – ғұмыр

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, ғалым, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың «Менің жалғыз жұлдызым» және түрік тілінде жарық көрген «Қош дерсің» атты жыр жинақтарының, сондай-ақ «Сағыныш-­ғұмыр» атты партитуралар жинағының таныстырылымы өтті.

Ақынның қос жыр жинағына әр жылдары жазған өлеңдері мен әндерінің мәтіндері топтастырылған. Ал «Сағыныш-ғұмыр» атты жинағында композитордың көпшілікке танымал туындыларының оркестрге арналған партитуралары мен ноталары берілген.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, оқырмандар мен жалпы өнерсүйер қауым қатысқан іс-шарада Қазақстан Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омар ақынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын тапсырып, жылы лебізін жеткізді. Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров Елена Әбдіхалықованың әндеріне тәнті екенін айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова Еленаның әндерін еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейін сүйіп тыңдайтынын айта келе, әншілігіне тоқталды.

Таныстырылымды жүргізген белгілі ақын, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы Елена Әбдіхалықованы жұртшылық алдымен айтыскер ақын ретіндегі танығанын, кейіннен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазған «Есіңе мені алғайсың», көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңінен туған «Көздеріңе ғашықпын» әндері таралғанын, «Сыр сүлейлерінің жазба айтысы» тақырыбында кандидаттық қорғағанын айтып өтті.

«Сағыныш-ғұмыр» атты партитуралар жинағының жарық көруіне атсалысқан дәулескер күйші, ұстаз, өнертанушы, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай қазақтың ән мен күй өнеріндегі қыздар шығармашылығына тоқтала келе, Елена Әбдіхалықованың музыкасының ерекшеліктері туралы айтты. Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Смайылов Еленамен қазақтың тұңғыш барды Табылды Досымов таныстырғанын айтып, естеліктерді жаңғыртты. Белгілі журналист Жайна Сламбек, журналист-жазушы Жадыра Шамұратова ақындық, композиторлық қырларына тоқталды. Театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева Елена Әбдіхалықованың әндері драматизмге толы екенін, әр әні бір спектакльге татитынын айтты. Ақын, аудармашы Әсем Ережеқызы Еленаны айтыста ұстаз тұтқанын жеткізді. Көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлы бастап, Толқын Қабылша, Олжас Сәндібек, Батырхан Сәрсенхан, Айдын Байыс, Назгүл Бердіқожа, Ажар Ерболған сынды жас ақындар өлеңдерін оқыды.

Таныстырылымды түйіндеген Елена Әбдіхалықова бұл кітаптар пандемия кезінде «Профи медиа» баспасынан жарық көргенін, аталмыш баспа иелері Жандос Бәделұлы мен Халима
Тәжіқұлға және жиналғандарға алғыс айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button