Басты ақпаратЕл тынысы

Стратегиялық ынтымақтастық көкжиегі

11-12 мамыр күндері елімізге Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз барысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың келешегі талқыланып, жалпы құны 5 млрд. АҚШ долларын құрайтын 20-дан аса коммерциялық келісімге қол қойылды. Тараптардың құжат алмасу рәсімінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімнің ратификацияланғаны туралы хабарланды.

Әмірліктер – еліміздің басты серіктестерінің бірі

Ақорда резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-­Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Одан әрі Мемлекет басшысы Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды. Президенттің айтуынша, Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегия­лық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.

Кездесуде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретіні жөнінде айтылды. Былтыр БАӘ-ның елімізге құйған ин­вестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.

Қай салаларда ынтымақтастық жанданады?

Абу Дабидің Тақ мұрагері көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін жеткізді. Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге ұмтылу қағидаттарына құрылғанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдас­тық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитынына тоқталды. Тақ мұрагерінің айтуынша, қол қойылатын келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді. Алдағы уақытта БАӘ инвестиция есебінен Жамбыл облысында жел энергиясы стансасы салынады.

«Біздің серіктестігіміз цифрлық трансформацияда жасанды интеллект, суперкомпьютерлер, сондай-ақ ақылды қалалар бо­йынша қызметтерді дамытуда жаңа ынтымақтастықпен ілгерілейтін болады. Жаңа технологияны қаржыландыруда біз стратегиялық салаларда, оның ішінде жаңа нарықтарды капиталдандыруда, сондай-ақ жаңа аспектілерді жобалауда жұмысты жалғастыратынымызды атап өткіміз келеді» деді Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян.

Екі жел электр станциясы салынады

Арабтар Жамбыл облысында 1,4 млрд долларға екі жел электр станциясын салады. Бұл туралы Ақордадағы келіссөздерден кейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті. Ол келісім бекіп, тараптар тек құжаттармен алмасатынын айтты. Станциялардың құрылысы 2026 жылы басталмақ. Жалпы қуаты – 1 ГВт. Жоба аясында шамамен 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Электр станциясын салу кезінде қуатты жинақтаудың заманауи жүйесі енгізіледі. Бұл жел күшейген уақытта артық өндірілген электр қуатын жинақтап, жүктеме шегіне жеткен сәтте оны желіге жіберуге мүмкіндік береді. Инвесторларға жер учаскесі жалға беріледі.

Тараптар құжат алмасты

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның келіссөздері аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттар алмасу рәсімі өтті. Тараптар мынадай құжаттарды алмасты: 1. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автокөлік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; 2. Қазақстан Рес­публикасы Әділет министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; 3. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен Masdar компаниясы арасында Қазақстан Республикасында 2 мың МВт-қа дейін қуат сақтау жүйесі және 500 МВт-қа дейін тәуліктік энергиямен қамту жобаларын әзірлеу бойынша ынтымақтастық туралы келісім; 4. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қоры» АҚ мен AIQ арасында Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім; 5. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен Abu Dhabi Commercial Bank арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; 6. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы арасында Қазақстан Республикасында суперкомпьютер кластерін құру жөніндегі келісім; 7. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы сауда флотын кеңейту бойынша ынтымақтастықты дамытуға қатысты хаттама; 8. «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен AIQ арасында мұнай-газ саласын цифрландыру бағытындағы ықпалдастық мәселелері бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім; 9. Түркістан облысы әкімдігі мен Абу Даби даму қоры арасында Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана құрылысын салу және қаржыландыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандум; 10. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited арасында Астана қаласының Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен оған іргелес аумақты дамытуға инвестиция салу туралы келісім.

Төлен ТІЛЕУБАЙ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button