Ел тынысы

Бейбітшілік пен келісім – бірлік тұғыры

2025 жылдың 14-27 мамыры аралығында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме өтеді. Еліміздегі этносаралық татулықты, рухани үндестікті және көпэтносты қоғамның үйлесімді дамуын дәріптейтін бұл көрме Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі арасындағы шығармашылық және мазмұнды серіктестік аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Көрменің басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының терең тарихи тамырларын, мәдениеттер мен дәстүрлер үндестігін көрермен назарына ұсыну. Бұл – бейбітшілік пен келісім құндылықтарын жаңғыртуға, ұлттық бірлік идеясын нығайтуға бағытталған маңызды мәдени іс-шара.
Экспозицияда Бейбітшілік және келісім музейі мен Ұлттық музейдің бай қорынан алынған зергерлік бұйымдар, мүсіндер, бейнелеу өнері туындылары, кәдесыйлар, сирек кездесетін кітаптар, қолөнер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер қойылады. Әр экспонат – еліміздегі этностардың мәдени және рухани байлығын айшықтайтын жәдігер.

Көрме мазмұны жағынан ерекше екі бөлімнен тұрады.
«Біртұтас көпұлтты Қазақстан»
 атты бірінші бөлімде ел аумағында өмір сүретін этностардың тарихи қалыптасу жолы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу кезеңдері жан-жақты баяндалады. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің тұғырына айналған Ассамблея қызметіне қатысты сирек материалдар, архивтік құжаттар, атап айтқанда, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел тарихында», «Қазақстан халқы Ассамблеясы: алғашқы қадамдар (1995–1997 жж.)» секілді жинақтар ұсынылады.
«Көпұлтты Қазақстанның мәдени мұрасы» атты екінші бөлімде елімізде өмір сүріп жатқан этникалық топтардың мәдени дәстүрлері мен рухани құндылықтары кеңінен таныстырылады. Қолөнер туындылары, тұрмыстық заттар, тарихи жәдігерлер арқылы түрлі этностардың ерекшелігі мен ел дамуына қосқан үлесі көрерменге ұсынылады.

Көрменің ресми ашылу салтанаты 2025 жылғы 14 мамыр күні, сағат 15:00-де, Бейбітшілік және келісім сарайының үшінші қабатындағы Атриум залында өтеді. Көпэтносты еліміздің бай мәдени мұрасын паш ететін бұл көрме – халықтар достығы мен рухани келісімнің жарқын көрінісі. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарын аталмыш көрмеге келіп, ұлттық бірлік пен мәдени алуандықты бірге зерделеуге шақырамыз.
Өтетін орны: Астана қаласы, Бейбітшілік және келісім сарайы, 3-қабат, Бейбітшілік және келісім музейінің Атриумы

Ұйымдастырушылар: Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі
Ашылу күні: 2025 жылғы 14 мамыр
Басталу уақыты: 15:00

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button