Ел тынысы

«Ерлік дастаны» тарихи-деректі көрмесі ашылды

Елордадағы Президенттік орталықта Отан қорғаушылар күніне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік дастаны» атты тарихи-деректі көрме ашылды. Елорда әкімдігінің қолдауымен, Астана қаласы мемлекеттік архивімен бірлесе өткізілген көрме аясында Даңқ орденінің толық иегері, Еңбек Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз ордендерінің иегері, Целиноград қаласының Құрметті азаматы Әлмұқан Сембиновтің өмірі мен ерлігі жайында сыр шертетін «Әлмұқан Сембинов. Тағдыры тарихқа айналған…» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Тарихи зердені сақтау және бейбітшілік пен бостандық үшін жанын қиған бабалардың ерлігі мен батырлығына тағзым ету мақсатында өткен көрменің ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қарулы Күштер ардагерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық миссиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, студенттер, белсенді жастар қатысты. Көрме Қазақстан тарихының соғыс жылдарындағы маңызды беттерін ашып, халықтың фашизмге қарсы күрестегі адалдығын дәріптейді. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанды қорғаған тыл еңбеккерлері мен жауынгерлердің ерлік істерін көрсететін материалдар, сондай-ақ Қазақстанда  жасақталған дивизиялар туралы мәліметтер қойылды.

Көрмеде шамамен 100-ге жуық экспонат ұсынылған, ол 2 бөлімнен тұрады: бірінші «Соғыс жылдарындағы қазақстандық дивизиялардың тарихы» бөлімі майданда шайқасқан қазақстандық әскери бөлімдердің ерлігі туралы баяндайды. Екінші  «Ақмола қаласының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі» бөлімінде Астана қаласының мемлекеттік архивінің материалдары негізінде Ақмола мен Ақмола облысында құрылған дивизиялар, тылда еңбек еткен тұрғындардың батырлығы мен еңбектегі ерлігі туралы баяндалады. Ақмола соғыстың шешуші шайқастарына қатысқан әскери құрамаларды дайындаудың маңызды орталығына айналды. Тыл еңбеккерлері қиын жағдайға қарамастан, майданның қару-жарағын, әскери техникаларын, азық-түліктерін өндіруде аянбай еңбек етіп, жеңіске өлшеусіз үлес қосты.

Көрмеде Президенттік орталық дайындаған «Қайтарылған есімдер» атты кітап-альбомның және даңқты батыр, ақмолалық жауынгер Әлмұқан Сембиновке арналған Астана қаласындағы мемлекеттік архив архивтік материалдар мен фотоқұжаттарға негіздеп шығарған «Әлмұқан Сембинов. Тағдыры тарихқа айналған…» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Авторлары – Т.Ә. Қышқашбай, Ғ.Т. Исахан, А. Қаршығаұлы.

«Қайтарылған есімдер» атты кітап-альбомда соғыста қаза тапқан және із-түзсіз жоғалып кеткен, шайқас болған аумақтардағы іздестіру жұмыстары нәтижесінде табылған, Қазақстанда туған немесе тұрған, сондай-ақ Қазақстаннан әскерге шақырылған жауынгерлер туралы материалдар ұсынылған. 2015 жылы олардың есімдері Ресейдің «Іздестіру қозғалысы» Жалпыресейлік қоғамдық қозғалысы арқылы ҚР Президенті орталығының архив қорына тапсырылған. Бұл басылымда 245 қазақстандық әскери қызметші туралы мәліметтер қамтылған. Жауынгерлердің карточкалары «Халық жады» ақпараттық жүйесінің және Бүкілресейлік ақпараттық-іздестіру орталығының мәліметтер базасынан алынған архивтік құжаттармен толықтырылған. Кітап-альбом – Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен шайқасқан отандастарымызға көрсетілген құрметтің белгісі.

Қоғам қайраткерлері Ә. Сембинов туралы кітаптың мән-мағынасына кеңінен тоқталды.

– Астана қаласы архивімен бірлесіп, осы қаламыздан соғысқа аттанған 6 мыңнан астам жауынгерлердің дерегі бойынша электронды базасын дайындадық. Соның ішінде не бары 17 жасында соғысқа сұранып, қан майданда оқ пен оттың ортасында асқан ерлік көрсеткен, елге аман-есен оралып, қаруын қаламына айырбастап, еліне өле өлгенше адал қызмет еткен және бар болғаны 48 жас өмір сүрген Әлмұхан Сембинов жайлы кітап жарық көрді, – деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және Архив істері басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Бұл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мыңдай сарбаз аттанған болса, соның жартысы оралмаған. Елімізде 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының батыры атанған болса, 7 жауынгер Даңқ орденінің 3 дәрежесімен де марапатталған. Солардың қатарында Даңқ орденінің толық кавалері атанған, барлаушы Ә. Сембинов бар.

-Өткеннен дұрыс сабақ ала білуіміз керек. Өткенді ұмытсақ озбаймыз. Астанада тұратын халықтың 90 пайызы Сембинов деген фамилияны білгенмен, оған неге көше берілгенін білмейді. Не бары 21 жасында Даңқ орденінің толық кавалері болып, 25 жасында үлкен жиындарда ірі сөйлеуі оның ерекше тұлға екенін көрсетті, оның қысқа ғұмырда атқарған ұшан-теңіз еңбегі мен болмысы жайлы кітаптың жарық көруі сол олқылықтың орнын толтыруы тиіс, – деді Астана мемлекеттік қызмет хабын Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов. Аталған іс-шараның қорытындысы бойынша ҚР ПІБ Президенттік орталығы мен елордалық мемлекеттік мұрағат арасында одан әрі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. «Ерлік дастаны» көрмесі 2025 жылдың 5 маусымына дейін жалғасады.

 

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button