Құқықтық көмек көрсетті

Елордадағы «Астаналық» сауда үйінде AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек», «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары шеңберінде азаматтарға құқықтық көмек беру күні өтті. Іс-шараға қатысқан қалалық Әділет департаменті, Отбасы Банкі, «Қарызсыз қоғам» жобасы, БЖЗҚ, адвокаттар алқасы және заң палаталары, депутаттар, жалпы барлығы 8 мекеме өкілдері келген азаматтарға толғандырған мәселелері бойынша тегін кеңес берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Акцияның мақсаты – халыққа қаржылық және заң тұрғысында сауатты көмек беру, тұрғындардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру. Базарға келген қала тұрғындары аталған партияның атауы мен акция туралы жазылған баннерді көріп, соның қасына жайғасқан мамандарға әркім өз мәселесі бойынша кеңес алуға кезекке тұрды. Олардың көбін әрине баспана мәселесі толғындыратыны Отбасы банк және тұрғын үй департаменті мамандарының алдына барғандардың жиілігі аңғартты.
-Бүгінгі қоғамдық қабылдауға тұрғындар тарапынан жиі қойылатын мәселелер бойынша мекеме өкілдерін қатыстырдық. Көбіне адамдарды үй алу, қарыз несиені жабу, заңдық тұрғыда өз құқықтарын білу мәселелері қатты толғандырады. Осы және өзге де сұрақтармен келген азаматтардың жағдайын біліп, сөзіне құлақ түрген білікті мамандар оларға сауатты құқықтық кеңес беруде немесе тиісті өзге мамандарға жолдауда. Бұл іс-шараның берері көп. Себебі әдетте мұндай жауапты мекемелерге адамдардың баруға уақыт таппайтыны немесе басқа да себептермен мүмкіндігі болмай жататыны белгілі. Сондықтан кәсіби мамандардан құралған акцияның халық арасында өтуі көп адамға көмек болары сөзсіз. Мұндай іс-шараның өтуі бірінші және соңғы да емес, біз басқа да халық көп шоғырланатын сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталықтарында осы жұмысты жалғастырамыз. Осындай Ашық есік күндерін жиі өткізіп отыру керек деп санаймыз, өйткені қоғамда халықты толғандырған жеке мәселелері көп, – дейді аталған партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Астана қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық қоры консультация және құжат айналымы бөлімінің басшысы Сипат Бекжан да көп адамдарды баспана мәселесі жиі толғандыратынын атап өтті.
-Бүгінгі таңда тұрғын үйге кезекке тұрғандар баспана алатындай бірқатар бағдарламалар бар. Соның ішінде кейін сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін үй алу аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған. Сонымен қатар Отбасы банкі арқылы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен жеңілдікпен ипотекалық бағдарламалар, сондай-ақ осы банктің «Шаңырақ» бағдарламасымен де төмен пайызбен үй алу мүмкіндіктері қарастырылған. Біз келушілерге соның бәрін егжей-тегжей түсіндіріп, басқа да ақпараттарды беріп отырмыз, – дейді ол.
Тағы бір өкіл, жеке сот орындаушысы Алмаз Арыстанбек оған келген тұрғындар алимент төлеу, несие қарызын қайтару мәселесі бойынша сұрақтарды қойғанын жеткізді.
-Адамдар банк шарттарын толық түсініп оқымастан несие алады. Сосын несие төлеу мерзімін өткізіп алғанда қатты қиналады. Соның салдарында банктер оларды сотқа береді, ал қарыз еселеніп өсе береді. Сондықтан мәселені бастапқы асқынбай тұрған кезінде шешкен жөн, себебі мәселе сотқа жеткен кезде тұтқындау процедурасы басталып кетеді. Осы тұрғыда мен өз салама қатысты кеңестер беріп, қалай дұрыс әрекет ету керектігін айтып жатырмын, – дейді ол.
Акцияға барлық тұрғындар аяқ асты келіп жатқаны белгілі. Тіпті олардың арасында Астанаға қыдырып немесе жұмыспен келіп, базарға соққан кезде бұл іс-шараны көргендер де бар. Солардың бірі Марат Жиенғазин Қоянды елді мекенінен екенін айтады. Оны жұмыссыздық және баспана мәселесі толғандырады.
-Кейін сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін пәтер алу жайын сұрағалы келдім. Себебі Астанадан үйлі болғым келеді. Алайда қазір кез келген бағдарлама бойынша жұмыссыз адамдар өте алмайды. Мен ресми жұмыста емеспін, соның жолын сұрағалы тұрмын, – дейді ол.
Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасының Астана қаласы бойынша менторы Дулат Мыңбаевтың айтуынша, көп адамдардың қаржылық сауаттылық деңгейі төмен. Сондықтан партияда онлайн және оффлайн курстардан тегін өту мүмкіндігі бар екенін айтты.
-Жаңа келген екі адамның бірі алған ипотекасын ай сайын төлеу ауыр болып отырғанын жеткізді. Соның мөлшерін қалай төмендетуге болатынын сұрады. Әрине бұл кепілмен алынған несие болғандықтан сол кепіл затты ұстаушы банкпен тікелей келісім жасау арқылы шешілетін мәселе. Ол енді келісімшарттың талабына байланысты. Бізде несиені төлемей жатқандардың көбі кепілсіз несие алғандар. 90 күннен аса төленбей жатқан да сол несиелер. Себебі кепілмен алған несиеде адамның жауапкершілігі жоғарылау болады да, оны қалай да жабуға тырысады. Осы ретте біздің жоба аясында дәл осы 90 күннен астам несие төлей алмай жүргендерге құқықтық кеңес берілуде. Олардың несиесі бойынша төлемнің жаңа кестесін қойғызу, карталары мен шоттарын бұғаттан шешкізу, төлем қабілеті төмен адамдардың негізгі қарызын бес жылға бөліп, қалпына келтіріп, реттестіріп беру мәселесін қарастырамыз, – дейді партия өкілі.
Райхан Рахметова
Фото: Сұлтан Сейітов