Халықаралық бірлескен жоба «Тарлан» фильмі жарыққа шығады

15 мамырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино мемлекеттік орталығының қолдауымен «Тарлан» фильмі прокатқа шығады. Көркем фильмнің өндірісіне Татарстан Республикасы да атсалысқан, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кинокартинаның режиссері – Юлия Захарова. Фильм – қазақстандық «Almapictures» және татарстандық «Татаркино» киностудияларының бірлескен жобасы. Сюжет татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимовтың «Шұбар» атты әңгімесіне негізделген. Бұл – Зәкір есімді баланың және оның Тарлан есімді тұлпарының арасындағы достық жайлы жүрек тебірентерлік хикая. Туынды баланың ер жетуі, жалғыздықпен күрес және ішкі рух тақырыбын баяндайды. Бала жануардан шынайылықты, адалдықты және түсіністікті табады.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали бұл фильмді халықаралық бірлескен жобаның табысты үлгісі ретінде атап өтті:
– Кино орталығының басты бағыттарының бірі – халықаралық ынтымақтастық аясында отандық кинематографияны дамыту. Бұл – шетелдік актерлерді тарту және фильмдерімізді өзге елдерде насихаттау тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, актерлердің біліктілігін арттыру, фильмдерді ілгерілету мүмкіндігін арттырады.
Әрбір конкурста біз бірлескен жобаларға ерекше мән беретініміз сондықтан, өйткені ол жаңа көкжиектерді ашады, – деді Қ. Жұмағали.
Бұған дейін фильм халықаралық деңгейде мойындалғанын айту керек. Оның әлемдік премьерасы Оңтүстік Кореяда өткен ICAFF Filming Award кинофестивалінде өтіп, «Үздік фильм» номинациясында то жарған.Сонымен қатар, картина Қазан халықаралық мұсылман кинофестивалінде көрермендер көзайымы жүлдесін, Улан-Удэ қаласындағы «Хрустальный Нерпёнок» фестивалінде «Үздік бала рөлі» және балалар қазылар алқасының жүлдесін, БАӘ-де өткен Al Ain халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының жүлдесін, сондай-ақ Париждегі қазақстандық кино фестивалінде режиссерге арналған арнайы жүлдені жеңіп алды.
Фильмге Қазақстан мен Татарстанның танымал актерлері түскен. Олардың қатарында Бекежан Маясаров, Ергенбай Абу, Ержан Нұрымбет, Алсу Әбілханова, Айиша Сатаева және басқалар бар.