Мәдениет

Ән тарихы тудырған туынды

«Нурикамал» әнінің тарихы кейінгі жылдары театр сахнасы мен кино өнері арқылы жаңғырды. Әнді арқау етіп бірнеше спектакль қойылды, көркем фильм түсірілді. Жуырда бұл туынды жайында тағы бір қойылым сахнаға жол тартты. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Махаббатым – сен» драмасын ұсынды. Авторы – жас драматург Жәнібек Әлікен, қоюшы режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы.

Спектакльді тек ән туралы ғана деп айтсақ, қателесеміз. Драма негізінен, шығармашылық иесінің шынайы өнер тудыру жолындағы шарқ ұруы, ерлі-зайыпты ақын мен композитордың отбасылық қарым-қатынасы, адал достық жайында сыр шертеді. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, жұбайының жаңа танысқан әйелге сезімі ақынға өлең тудырды.

«Нурикамал» әнінің авторлары ерлі-зайыпты композитор Тұрдықылыш Ізтаев пен ақын Ханбибі Есенқарақызы екені мәлім. Тұрдықылыштың Нурикамалға ынтық болғанын байқаған Ханбибі қосағының махаббатын жырға айналдырды. Шындығында ән тарихы сонысымен қызық, сонысымен драматургтер мен режиссерлерге тартымды. Бірақ оның астарында ақын мен композитордың отбасылық өмірі, шығармашылық ізденіс жатқанын көпшілік ойламайды. Жәнібек Әлікен мен Бәзіл Сұлтанғазы соны аша білді.

Мұнда шығармашылық тоқырауға түскен композитордың жан дүниесі кескінделген. Оны актер Жанат Оспанов әсерлі сомдап шықты. Нурикамалмен кездескен сахнадағы Тұрдықылыш сұлулыққа ғана ғашық болған жоқ. Нурикамалдан шығармашылығы жөнінде жылы сөз, «Жүрек сыры» атты әні туралы ыстық лебіз естіді. Тіпті, осы әнін Нурикамал спектакльде шырқады да. Осы жағдай композиторға шабыт берді. Қойылымда айтылғандай, осылайша Қазығұрттың басында махаббат туды.

Ал спектакльде актриса Инабат Әбенова сомдаған Ханбибі ше? Ол жұбайына мұрагер ұл сыйлай алмағаны үшін өзін кінәлі сезініп жүреді. Тіпті, Нурикамалға (спектакльде Сағыныш Нұрхайдарова) барып, оған Тұрдықылышпен қосылуға, ұл туып беруге өтінеді. Бірақ Нурикамал арын сақтап, бұдан бас тартады. Өмірінде бір ғана махаббат болғанын, сүйгенімен қосылуға уәде байласқанда жігіт қазаға ұшырағанын айтады.

Әрине, спектакль кейіпкерлері шынайы өмірден алынған. Бірақ сипатталатын оқиғалардың бәрін шындық деп айтуға болмайды. Көркем шығарма болған соң кейбірін авторлар ойдан қосқан. Бүгінде Тұрдықылыш Ізтаев пен спектакль прототипі Нурикамал Сейітжанова өмірде жоқ болғанмен, «Нурикамал» әні оларға қойылған ескерткіш болып қалды. «Нурикамал» әні өнер ішінде өнер тудырып отырған туындыға айналғанына да бұл жайындағы спектакльдер мен көркем фильм дәлел.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button