Мәдениет

Ашық есік күні өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында алда келе жатқан – Ұлттық кітап күніне орай «Ұлт және ұлттық кітап» атты ашық есік күні өтті.

Адам баласының алтын қазынасы кітапты сақтап, қоғамға жан-жақты насихаттауды, интеллектуалды жастарды ынталандыру мен мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізуді мақсат еткен бұл мерекелік шара аясында оқырмандар кітапханада иллюс­трациялық кітап көрмелерін тамашалап, кітап апталығының және «Коворкинг» орталығының салтанатты ашылуына куә болды.

Сонымен бірге «Кітап – ұлттық құндылық» атты дөңгелек үстел өтті. Онда Mecenat.kz әдеби сыйлығының таныстырылымы болды. Шарада Ұлттық кітап күнінің маңызы айшықталып, әдебиетті қолдау, дамыту мәселелері талқыланды.

Mecenat.kz сыйлықтың негізін қалаушы және жоба авторы Ерлан Асқарбеков әдеби сыйлықтың таныстырылымын жасап, қаламгерлерді және олардың шығармашылығын қолдау жайын сөз етті. Ашық микрофон алаңында ақын-жазушылардың пікірі тыңдалып, әдебиет жайы қозғалды.
Ал кітапхана директоры бірнеше іс-шараның қатарынан аталып өтіп жатуының да бір-бірімен байланысты екенін атап өтіп, алдағы күндері де жалғасын таба беретіндігін жеткізді.

– Ел Президентінің бастамасымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Бұл мереке қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында тойлануда. Біздің кітапхана осы маңызды күнге орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырып отыр. Әрі бұл іс-шараларға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетел елшіліктерінің өкілдері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, мектеп оқушылары, студенттер, кітапханашылар, оқырмандар қатысуда. Біз осы іс-шаралар арқылы қоғамда кітап оқу мәдениетінің қалыптасуына ықпал етсек деп ойлаймыз. Шын мәнінде алда келе жатқан Ұлттық кітап күні – біздің ұлттың рухани байлығын, мәдени мұрасын және білімге деген ұмтылысын дәріптейтін маңызды мереке. Осы мереке аясында ұйымдастырылған іс-шаралар кітаптың қоғамдағы рөлін арттыруға, жастарды кітап оқуға ынталандыруға және жалпы кітап мәдениетін дамытуға бағытталған. Бұл апталық іс-шаралар еліміздің барлық кітапханаларында әртүрлі деңгейде атап өтіліп жатқанын да айта кеткіміз келеді, – деді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітова.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button