Жолда жанжал шығарғандар жазаланды
10 қыркүйекте елорда көшелерінің бірінде жүргізушілер жанжал шығарған болатын, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Олар жолды «бөлісе» алмаған көрінеді.
Астана әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төбелеске қатысушыларға қатысты істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, жүргізушілер дәл жолда төбелесіп, жол қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Сот отырысында екі сотталушы да өз кінәларын мойындады. Оқиғаның бейнежазбасы және жүргізушілердің жазбаша жауаптары құқық бұзушылықтың мән-жайын растады.
Сот ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде жаза көзделгенін атап өтті.
Шешім шығарған кезде сот құқық бұзушылықтың сипатын ескерген, бірақ жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды таппаған. Жүргізушілердің бірі кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.
Екіншісіне қатысты сот оның әскери қызметші екенін және қызметте болғанын ескерді. Әкімшілік кодекстің 32-бабына сәйкес, әскери қызметшілер тәртіптік жарғылар бойынша құқық бұзушылық үшін жауапты болады. Сондықтан іс материалдары тәртіптік жаза қолдану үшін оның қызмет орнына жіберілген.