JOLTAP жобасының игілігі көп

Елордада Joltap жобасы жүзеге асуда. Ол астаналықтарға жаңа мамандықтарды меңгертіп қана қоймай, табысын арттыруға, жаңа іс бастауға және табысты карьера құруға көмектеседі. Жобаға қатысқан Мәдина Ақжолтаева өзінің табысқа жету жолы жайлы айтып берді.
Мәдина Астанадағы Д.Қонаев атындағы колледжді «хатшы-референт» мамандығы бойынша бітірген, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Көп уақытын кассир болып жұмыс істеп өткізіпті. Тұрмыс құрғаннан кейін оның тігіншілікке деген қызығушылығы оянды.
«Енем өзінің тігін машинасын сыйға тартты. Мен қарапайым заттар тігуден бастадым – жастық қабы, жастық, кішігірім көрпе. YouTube желісінен оқыту видеоларын қарадым» деп еске алады Мәдина.
Ауылдан Астанаға көшіп келгеннен кейін хоббиін кәсіпке айналдыру туралы шындап ойлай бастайды. 2025 жылдың басында әпкесі оған Joltap жобасы туралы түсіндірген. Ал өзі осыған дейін бухгалтерлік курсқа қатысып, Мәдинаға да байқап көруді кеңес еткен.
«Тігінші» мамандығы бойынша курсқа жазылдым. Оқыту 22 күнге созылды – ұстазымыз барлығын оңай тілмен түсіндірді. Осы жағдай менің мамандыққа деген қызығушылығымды арттыра түсті» деп ой бөлісті жоба қатысушысы.
Курсты аяқтаған соң жоба командасы Мәдинаға жұмыс іздеу сайттарына тіркелуге көмектесіп, ұсынымдар берді. Нәтижесінде бірер аптаның ішінде жұмысқа орналасып үлгерді. Қазір астаналық әйел арнайы киім тігетін кәсіпорында тігінші болып жұмыс істейді.
«Үшінші ай жұмыс істеп жүрмін. Осындай мүмкіндік үшін Joltap жобасына алғысым шексіз. Қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеді, оқуға және өсуге жағдай жасайды. Расында, көптеген қазақстандық үшін үлкен мүмкіндік» дейді Мәдина.