Қоғам

Тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды

Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері үшін ішкі істер саласының ардагері Мұрат Нұрғазинмен тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мұражайында өтті.

Кездесу алдында жас қызметкерлерге «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» қағидаты негізінде мұражай экспонаттары таныстырылып, ішкі істер органдарының қалыптасу және даму жолы туралы кеңінен мағлұмат берілді.

Кездесу барысында құрметті қонақ өз өмір жолы, кәсіби тәжірибесі, спорттағы жетістіктері және елге қызмет етудің маңыздылығы жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Қызметкерлер еркін форматта сұрақтар қойып, пікір алмасты. Тағылымды басқосу жас мамандарға рухани серпін беріп, қызметке деген жауапкершілік пен отансүйгіштік сезімді арттыруға ықпал етті.

Іс-шараға ішкі істер саласының ардагерлері де қатысып, Астана қаласы ҚАЖ департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер қызметі полковнигі Жаңаөмір Джамалов сөз сөйледі.

Кеш соңында №64 мекемесінің әділет сержанты Сағынбайұлы Ербол қазақтың қара домбырасымен Жұмыр қылыш күйін орындап, құрметті қонаққа тарту етті.

Мұрат Нұрғазин — қызмет пен спортты қатар алып жүріп, ел абыройын асқақтатқан бірегей тұлға. Ол ішкі істер органдарының ардагері ғана емес, сонымен қатар күштік спорт түрлерінен әлемдік деңгейде танылған даңқты спортшы.

Қызметпен қатар Мұрат Нұрғазин спортта да теңдессіз жетістіктерге жетіп, қазақ елінің атын әлемге танытты. Ол — армлифтинг спортынан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ.

Күштік спорт түрлерінен (армлифтинг, пауэрспорт) әлемнің 10 дүркін чемпионы, Азияның 18 дүркін, Еуропаның 6 дүркін чемпионы. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия мен Еуропаның 6 дүркін рекордшысы, әлем рекордының 6 дүркін иегері.

Сондай-ақ грек-рим күресінен спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан сертификатталған жаттықтырушы, марафоншы. Күштік спорт түрлерінен (армлифтинг, пауэрспорт) «Алтын белбеу» иегері. IPAF, НАП, WPSO сынды бірнеше федерация бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.

Жуырда Мұрат Нұрғазин тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол денесіне 100 келі бетон блок қойып, оны сындыру арқылы жаңа әлемдік рекорд жаңартты. Бұл аса қауіпті әрі бірегей нөмірді өткен ғасырда күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы орындаған.

Араға бір ғасыр салып, оның ізбасары атанған Мұрат Нұрғазин осы трюкті қайта жаңғыртып, әлемдік рекордты ресми түрде тіркеді. Экстремалды спортшы бұл жетістігін Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арнады.

Мұрат Нұрғазин — тәртіп пен табандылықты, отансүйгіштік пен қайсарлықты өмірлік ұстанымына айналдырған тұлға. Оның қызметтегі адалдығы мен спорттағы жеңістері жас ұрпақ үшін нағыз үлгі.

Осындай мазмұнды әрі тағылымы мол кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button