Қоғам

«Табиғаттан – кәсіпке: жасыл бастамалар» атты фестиваль-көрме өтті

Жұмысшы мамандықтары жылына орай елорданың Сервис және туризм колледжінде «Табиғаттан – кәсіпке: жасыл бастамалар» атты фестиваль-көрме өтті. 400-ге жуық білім алушы қатысқан іс-шара экологиялық мәдениетті дамытуға, кәсіптік бағдар беруге және жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға бағытталды.

Фестиваль барысында экологиялық таза материалдардан жасалған гүл композициялары мен флористикалық жұмыстардың көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, экожобалар, қайта өңделген материалдар мен автокөлік бөлшектерінен жасалған бұйымдар да таныстырылды. «Қалдыққа екінші өмір сыйла» атты жоба бойынша полиэтилен пакеттен жасалған кілемше, сабыннан жасалған гүлдер, 2200-ден аса асықтан жиналған жылқы бейнесі, салауатты тамақтану бағытында экологиялық таза өнімдерден әзірленген тағамдар мен сусындарды көпшілік қызықтап тамашалады. Аталған жобалардың барлығын «Флористика», «Ландшафттық дизайн», «Туризм», «Орман шаруашылығы», «Тамақтануды ұйымдастыру» және басқа да мамандықтары бойынша оқитын студенттер бірлесе жұмыс істеп, өз қолдарымен жасап шығарған. Фестивальде өз жобасын ұсынғандардың қатарында «Орман шаруашылығы» мамандығының 3-курс студенті Алдияр Дүйсекеев VR-көзілдірік арқылы бақыланатын «Виртуалды саябақ» атты жобасын көрсетті. Заманауи саябақ үлгісі арқылы білім алушы өз мамандығының маңызын білдіруге тырысты.

Іс-шарада сөз алған Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті басшысының орынбасары Ақсира Қасымова жұмысшы мамандықтары жылының артықшылығын айта келе, колледж студенттерінің жұмыспен қамтылуына бағытталған бастамалар туралы мәлімдеді. Ал колледж директоры Салтанат Басығараева мұндай фестивальдер студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар фестивальде «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша «Elite PrintHub» ресурстық орталығы мен  «Бақ-саябақ шаруашылығы» мамандығы бойынша «GulHub» ресурстық орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталықтардың ашылуына колледждің әлеуметтік серіктестері қолдау білдірді. Астаналық Білім басқармасы өкілдері, Сарыарқа ауданының 9-сынып оқушылары және өзге де қатысушылар өндіріске бірден араласуға ықпал ететін орталық жұмысымен танысты. Мектеп оқушылары болса, кәсіптік бағдар беру бағытында кеңес алды.

Іс-шара бағдарламасы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақ елі – достық мекені» атты ұлттық мәдениеттер фестивалімен жалғасып, онда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің табиғи, экологиялық таза өнімдерден әзірлеген дәстүрлі тағамдары қойылған көрме ұйымдастырылды.

«Колледжіміз студенттерге еңбекке ерте араласуға мүмкіндік береді. Мысалы, өзім өндірістік тәжірибеден өтіп, қаладағы белгілі мейрамханалардың бірінде шеберлігімді шыңдадым.  Енді «World Skills» байқауына дайындық үстіндемін. Осы уақыт аралығында аспаз болу оңай емес екенін түсіндім. Бастысы – өзіңді жақсы қырынан көрсете білу, сол кезде нәтижеге жетуге болады», – деді «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының 2-курс студенті Ерасыл Кәдірбек.

Индира Бержанова

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button