Елордадағы жәрмеңке: әр өңірден жеткен табиғи өнімдердің мол таңдауы

Елордадағы жәрмеңке: әр өңірден жеткен табиғи өнімдердің мол таңдауы
фото: Райхан Рахметова

Астанада Маңғыстау, Алматы және Абай облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Еліміздің шығысы мен батысы және оңтүстігінен әкелінген азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесіне елорда жұртшылығы көптеп келуде.  

Тұрғындарға фермерлерден тікелей жеткізілген ет, балық, сүт және азық-түлік өнімдерінің түр-түрі ұсынылып отыр. Бұл азық-түліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, үш өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Астанаға 400 тоннадан астам өнім әкелді. Оның ішінде 170 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 100 тонна ет және ет өнімдері, 40 тонна бал, 25 тонна сүт өнімдері, 17 тонна бақша өнімі, 10 тонна балық және 40 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.

- Бұл жәрмеңке басталғалы тұрақты келіп тұрамын. Себебі жәрмеңке тек қолжетімді бағаға азық-түлік алу мүмкіндігін ғана беріп қоймай, сапасы жоғары, әр өңірдің өзіне тән ерекше өнімдерін алуға септік етеді. Мәселен, өткен аптада Қызылорданың күріші мен тары-талқаны, қауындары үшін келсем, осы жолы Маңғыстаудың шұбаты, қызыл балығы, Семейдің ши бауырсағы мен Саржал қымызы, Алматының апорты үшін келдім. Жалпы жәрмеңке халыққа ерекше бір мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Толтырып бәрін ала беру міндет емес, өңірдің өзіне тән ерекше өнімдерінен дәм тату арқылы сол өлкеге барып келгендей әсер сыйлауы маңызды, - дейді елордалық Айгүл Құлданаева. 

Абай облысы ауылшаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша өңірден елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Жәрмеңкеге облыстың әр өңірінен келген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсынып отыр.

Жәрмеңке аясында бұл өңірден 50 тоннаға жуық ет, 70 тонна бал, 30 тонна көкөніс, 30 тонна қарбыз, сондай-ақ сүт және шұжық өнімдері, қымыз, ұлттық тағамдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері кең ассортименті ұсынылуда.

Ең бастысы, барлық өнімдер жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тікелей жеткізілді. Бұл делдалдар санын азайтып, өнімдерді тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынуға мүмкіндік береді.

- Семейдің балын алдым, 1 литрінің бағасы 3500 теңге екен, еттің бағасы 3200-3800 теңге аралығында, Маңғыстаудың шұбатын 1500 теңгеге алдым. Алма 500 теңгеден. Сондай-ақ жұмыртқа, жеміс- жидектер, шұжықтар да төмен бағада. Бастысы бәрі де өте балғын, табиғи өнім, сол бізге қатты ұнап тұр, - дейді елорда тұрғыны Бота Сайлауова. 

Жәрмеңкедегі өнімдер бағасы қаланың кей базарларында шамалас болуы мүмкін,  бірақ мұнда табиғи, жаңа піскен, енді өндірілген тағамдардың мол таңдауы бар. 

Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтуде. Сондай-ақ жәрмеңке кезінде елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін аталған орынға №18, 37 және 303 автобустары қатынауда. Жәрмеңке сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.