Ел тынысы

Соғысты жеңген ағайындылар

1941 жылы сұрапыл соғыс басталған кезде, барлық елді мекеннен ер-азаматтар жаппай соғысқа шақырту алды. Солардың ішінде менің әкем және оның бес бауыры бірдей майданға аттанған еді.

Әкем мен оның бауырлары Ақмола қаласынан шақырылған еді. Атап өтер болсам, әкем Жармағанбет Сәдуақасов, ағам Тажмағанбет Сә­дуақасов, атам Бекжан Хамзин, ағаларым Жәкен Хамзин, Омар Хазмин, Шайхан Хамзин бір әулеттің ағайынды бауыр­лары болатын. Аты аталған ағайынды бауырлар соғысқа дейін бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрді. Отанды жаудан қорғау үшін өз отбасымен, туыс-туғанымен, бала-шағасымен қоштасып, елі, жері үшін соғысқа аттанады. Соғыс уақытында өзімнің анам – Қапаш, әжем – Жайбөпе. Ақыш Дәмен, Әзкен апаларым соғысып жатқан солдаттарға арнап қолғап тігіп, шұлық тоқып, ыстық тағам пісіріп, күн-түн демей солдаттарға арнайы қалта тігіп, жөнелтіп отырған екен. 1945 жыл – сұрапыл соғыстың аяқталған кезі. Ауылдастар бөркін аспанға атып, қуанып жатты. Соғыстан ағайынды бауырлар да оралды. Біреуі жаралы болып оралып, енді біреулерінен соғыс­тан қара қағаз келіп жатты.

Әкем Жармағанбет Сәдуақасов 1901 жылы туған. Соғыс майданына кетерде өзіне арқа сүйеп жүрген екі інісі Тажмағанбет пен Орал Сә­дуақасовтарды Балалар үйі­не тапсырып кетеді. Украин елі, Харьковте болған соғыста оң қолына оқ тиіп, жаралы келеді. Елге келісімен Балалар үйіне өткізген інілерін тауып алады. Аласапыран кезінде бір-бірінен көз жазып қалмай, аман-есен қауышқан аға­йындылардың сол сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкем соғыс ардагері атанып, «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі», «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 25 жылдығы», т. б. медальдармен марапатталады. Әкемнің осы медаль-ордендерін таққанын көрген емеспін. Мақтанып тағып жүргендей боламын деп қымсынатын. Атаққа әсте қызыққан емес. Біз отбасында 3 бала боп өстік. Үлкен апам – Баян, ағам – Ескермес, кенже қызы мен – Алтынайдар. Әкем 1976 жылы 10 ақпанда Аршаты ауылында 76 жасқа толған шағында дүниеден өтті.

Тажмағанбет Сәдуақасов – менің әкемнің туған бауыры. 1944 жылы 18 жасында соғысқа аттанады. Соғыс біткен соң 6 жыл Германияда әскери борышын өтеп, елге оралады. Соғыстан кейін медаль-ордендермен марапатталады. Елге оралған соң отбасын құрып, балалы-шағалы болады.

Бекжан Хамзин атамыз соғыста екі құлағына оқ тиіп, саңырау болып оралды.

Жәкен ағамыз соғыстан оралған жоқ. Тек Курск жерінде қайтты деген қара қағаз келді. Басқа хабар болмады.

Омаш Хамзин ағамыз со­ғысқа қатысып, аман-есен елге оралды. 86 жасында Астанада қайтыс болды.

Шайхан Хамзин ағамыз Белоруссия майданында шайқасты. Смоленск, Витебск, Брянск қалаларын жаудан азат етті. Белоруссия еліндегі шайқаста жараланып, 1 көз, 1 аяғынан айырылып, мүгедек болып оралды. Солдаттар санитарный самолетпен үйге әкеліп, туған-туыстары жылап қарсы алды. Аяғына протез салып, сол аяқпен жүрді. Елге ерлігімен оралды. Орден-медальдармен марапатталды. 77 жасында дүниеден өтіп, қала іргесіндегі Ильинка қорымында жерленді.

Осылайша, бір үйден алты бірдей азамат ел басына күн туғанда Отан қорғауға аттанып, Жеңісті жақындатуға көмектесті. Аталарымның Ұлы Жеңістің 80 жылдығында ұрпақтарым еске алды деп рухтары шат болсын деп естелік жаздым.

 Алтынайдар БОКЕШОВА,

Астана қаласы Байқоңыр ауданы ардагерлер

ұйымының мүшесі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button