Қоғам

Соғыс зардабын көргендер ұмытылмаса…

Кеңестік империяның құрамында болған қазақ елі де соғыстың алапат зардаптарын шекті. Неміс фашистеріне қарсы сол 1418 күн мен түнге созылған шайқастарда қол жеткен Жеңіске де 80 жыл толғалы отыр.

Сексен жыл деп айтуға оңай болғанымен, оның қайғы-қасіреті өлшеусіз, жүректерге түсірген салмағы зіл батпан. Сұм соғыстың салдарынан  баласынан айырылған ана, жарынан айырылған жесір зары, әкеден айырылған жетімдердің шерлі жүздері арада ғасыр өтсе де, ұмытылмайтыны ақиқат. Жеңіс үшін, майдан даласында жер жастанғандарды, мүгедек болып елге оралғандарды, бүгінде бәрі о дүниелік болған жерлестерімізді мәңгілік есте қалдыру – әр азаматтың, елді мекеннің парызы деп есептеймін. Көп елді мекендерді ескерткіш тақталар орнатылды, онда әр жауынгердің есімі көрсетілген. Мен ойлаймын, ол әлі де жеткіліксіз деп. Әлі есімде, бұдан он жыл бұрын Амангелді ауылында соғысқа қатысқан 104 жерлесімізді еске алған едік. Соғысқа қатысқандардың ұрпақтары қаржы жинап, үлкен митинг өткіздік, әрбір жауынгердің есімін атап, құран бағыштап, ас бердік. Кейбіреу­лері әкелеріне, аталарына арнап, жеке стендтер іліп қойды.

Осындай іс-шаралар барлық елді мекенде өтіп жатыр ма деген заңды сұрақ туады. Өйткені кейбір жерлерде Кеңес Одағының батырлары өз дәрежесінде ұлықталмай жатқан сияқты.

Таяуда Астана  қаласының 17-гимназиясында болдым. Бұл мектепке  Кеңес Одағының батыры Ақан Құрмановтың есімі берілгелі он бес шақты жыл болды. Мектепке таяуда ғана жаңа басшы келіп, осы шаруаны қолға ала бастапты. Мектептің өмір сүріп жатқанына ширек ғасырға таяу, бұрынғы директор да осыншама жыл басқарды. Сонда батыр туралы мәнді еш шаруа істемеуіне не себеп деген ойға оралады. Жалпы қай істе болса да, басшының ниеті мен ұмтылысы болса, кез келген шаруаны жүзеге асыруға болады. Менің байқауымша, бұл мектептің бұрынғы басшысына осы жетіспеген сияқты.

Шамасы, бұдан біраз жыл бұрын Кеңес Одағының батыры Сағадат  Нұрмағамбетовтың елі Еңбек ауылының мектебінде осы кісіге арналған бір бұрыш қана болды. Онымен қоса, Бурабай тас жолымен өтіп жүргенде менің жанымдағы серіктесімнің көбі бұл ауыл батырдың ауылы екенін білмеді. Содан маған ой келді, жолдың бойына билборд орнату қажеттілігі. Осы ойымды ауданның сол кездегі әкімі Алпысбай Қайыржановқа жеткізіп едім, ол кісі қолдап, тас жолдың екі жағына билборд орнатылды. Енді осы істі жалғастырып, «Ердің атына елі сай болу керек» деген айдармен бағдарлама жасадық. Сол бағдарламаны орындау мақсатында іске кірісіп кеттік.

Атап айтқанда, мәдениет үйі мен мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу, автобанға билборд орнату, С.Нұрмағамбетовке арнап музей ашу, ауылдың орта мектебіне есімін беру, автобаннан елді мекенге дейінгі жолды жөндеу, орталықта батырдың бюстін орнату, орталық көшені жарықтандыру, ауылдың кіреберісіне «Еңбек ауылы» деген арқаны жаңарту, С.Нұрмағамбетов атындағы көшені жөндеп, тақтайшалар ілу, «Азаматтарымен ажарлы Ақкөлім» атты кітапқа С.Нұрмағамбетов туралы әр кезеңде жазған мақалаларын енгізу жұмыстары жоспарланып, жүзеге асырылды.

Ауылдың мәдениет үйі мен мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін Ақмола облысының бұрынғы әкімі Ермек Мыржықбаевқа С.Нұрмағамбетов атындағы қордың өкілі Қали екеуміз барып, өтініш білдірдік. Әкім қолдап қаржы бөліп, жоспарымыз орындалды. Осындай әдіспен бәрі орындалып  жол, көше жарықтанып, көше асфальтталып, саябақ ашылып, мәдениет үйінде музей орналастырып, бюст қойылды т.б. істер атқарылып, бүгінде батыр­дың ауылын ұялмай келгендерге көрсетуге болады.

Тау алыстаған сайын жарқырай түседі демекші, Жеңіс жылы алыстаған сайын оның қазақ халқына тигізген қайғы-қасіреті, зардабы айшықтала түседі. Әр ел, елді мекен, қалған ұрпақтары өз қаһармандарының өмір дерегін білу және оларды құрметтеу, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін, Жеңісті жақындату жолында майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау – әрбіріміздің парызымыз. Оны ұмытпау үшін осы тақырыпқа жиі шаралар өткізу қажет. Ұрпақ жалғастығы болғаны жөн. Бүгінгі ұрпақ келесі ұрпаққа үлгі көрсету керек қой деп ойлаймын.

Еркін ДӘУЕШОВ,

 Астана қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі                                           

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button