Сарайшық: жаңа аудан даму жолында

Елорданың жаңа ауданы – Сарайшықта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан аумағында 75 көпқабатты тұрғын үй және 7 мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ емхана салу, тұрғын алаптарды орталық су жүйесіне қосу жоспарланған. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен есептік кездесу барысында ауданды дамыту бойынша атқарылатын жұмыстарды айқындады.
Бейсенбіде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек былтыр ғана құрылған Сарайшық ауданында есептік кездесуін өткізіп, тұрғындар көкейіндегі сауалдарға жауап берді. №91 мектеп-гимназияға жиылғандардың ұсыныстарын тыңдап, айтылған мәселелер бойынша көпшіліктің ойын білді. Сонымен қатар, Сарайшық ауданының әкімі Мақсат Саматұлы өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады. Соның ішінде құрылыс, жол жөндеу, абаттандыру, нысандарды қалпына келтіру, көгалдандыру, жарықтандыру және өзге де жұмыстар айтылды.
АЛДА АТҚАРАР МІНДЕТ КӨП
Сарайшық – елордадағы жаңа аудан. Былтыр мамыр айында Астана қаласы мәслихатының бірлескен шешімімен жəне қала əкімдігінің қаулысымен құрылды. Ал аудан аппараты өткен жылдың қараша айында жұмысын бастады. Аудан шекарасына «Мыңжылдық» аллеясы, «Отау» шағын ауданы жəне Промышленный, Интернациональный, Мичурин, Күйгенжар тұрғын алаптары кіреді. Бұдан басқа, ауданда халықаралық, республикалық шаралар өтетін елдің басты алаңы орналасқан.
– Ауданда орналасқан саябақтарда тротуар салынып, ағаш отырғызылып, ойын жəне спорт алаңдары орнатылып, қайта құру жұмыстары басталды. Ауқымды жұмыстар биыл да жалғасады. Саябақтардан басқа, бөлінген қаражатқа 3 қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы біз жүргізіп жатқан жұмыстардың үлкен үлесі абаттандыруға тиесілі. Аудан аумағында 200-ден астам аула бар, өткен жылы 18-і абаттандырылды. Тағы 50-ден астам ауланы абаттандыру қажет. Осы жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен аулаларды кешенді абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Дауыс беру арқылы 36 жобаның ішінен 15 аула іріктеліп, мамырда жұмыс басталады. Сондай-ақ ауданда 3 саябақ, 6 гүлзар мен қоғамдық кеңістік, 70 мыңға жуық ағаш, 9 мыңнан астам бұта, шамамен 2,1 млн шаршы метр көгал бар. Биыл 15 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Ұлы дала даңғылы, С.Нұрмағамбетов көшесі, «Бейбітшілік жəне келісім» саябағында жалпықалалық сенбілікте тал отырғызуға дайындық жүруде, – дейді аудан әкімі.
Мақсат Саматұлының айтуынша, Сарайшық ауданы биыл толық жарықтандырылады. Мысалы, осы жылы 10 көшеге осындай жұмыстар қосымша жүреді.
75 ҮЙ, 7 МЕКТЕП ЖӘНЕ…
Сарайшық ауданы – елорданың құрылыс жақсы дамып келе жатқан аумағы. Мұнда медицина, спорт нысандары, мектептер, сауда орталықтары, түрлі нысандар, тұрғын үй кешендері жəне əкімшілік ғимараттар салынуда. Олардың əрқайсысын қолданысқа беру қала экономикасына жəне жұмыс орындарын құруға мол үлес болатыны анық.
– Ауданда 75 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 1471596 текше метр болатын 44 көпқабатты тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Ш.Қалдаяқов көшесінде, LRT желісі бойында егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сəйкес, көппəтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы көз делген. Тəуелсіздік даңғылынан «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі учаскеде 53 жер учаскесі орналасқан, оның 18-і қолданысқа берілген. Бүгінде елорданың егжей-тегжейлі жоспарына 9 түзету енгізілді. Тұрғын үй кешендері мен бизнес-орталықтардың жер учаскелерінің нысаналы мақсаттары 2 гүлзар мен 7 əлеуметтік нысанға өзгертілді. Сонымен қатар, ауданда 17 мемлекеттік жəне 2 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 40 мыңнан астам оқушы оқиды. Ал биыл ауданда бір ауысымда 7 мың орынға арналған 7 білім беру нысанының құрылысы жүруде. Жоспар бойынша 18 мектептің құрылысы қарастырылған. Одан басқа, осы жылы тұрғындар үшін «Отау» шағын ауданында емхана салу жəне 20 мыңнан астам адам тұратын Интернациональный, Мичурин тұрғын алаптарын орталық су жүйесіне қосу жоспарлануда, – деді ол.
Аудан әкімі өз баяндамасында 140 аялдама кешені, оның ішінде 29 жылы павильон барын айтты. Оның сөзінше, тұрғындардың сұранысымен «Мыңжылдық» аллеясына 10 жылы аялдама павильоны орнатылған. Биыл да жабық үлгідегі 10 павильон орнатылады.
– Басты назарда – аудан тазалығы. Бұған 200-ден астам техника мен 600 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Қыстан соң ауданды ретке келтіру бойынша жұмыс басталып, оның ішінде тротуарларды, қоршауларды, жарықтандыру тіректерін, аялдама кешендерін жөндеп, көпірлерді жуып, бұзылған нысандарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Біз əрқашан кері байланысқа, ұсыныстар мен талқылауларға ашықпыз, мысалы, жарты жылда тұрғындардың 5 мыңнан астам өтініші қаралып, 50 жиналыс және халықпен кездесу, 10 жеке қабылдау өтті. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының бастамасымен қалада «Таза Қазақстан» республикалық экология акциясы жүруде. Келесі аптада, яғни 26 сəуір күні жалпықалалық сенбілік өтпек. Осыған орай, ауданның əр тұрғынын акцияға қатысуға шақырамын, – деді баяндама соңында аудан басшысы.
МӘСЕЛЕ ТҮЙІНІ ТИЯНАҚТЫ ТАРҚАТЫЛСА…
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін мектеп залында үш микрофон қосылып, тұрғындардың сұрақтарына қала әкімі Жеңіс Қасымбек жауап берді. Жалпы көтерілген мәселелердің дені – тұрғын үй кезегі, коммуналдық-шаруашылық және әлеуметтік сұрақтар. Сондай-ақ Сарайшық ауданына қарасты инженерлік-инфрақұрылымдық жобалар, білім мен денсаулық, қоғамдық көлік, газдандыру саласының түйткілді мәселелері сөз болды. Қатысушылардың бірі «Айбике» тұрғын үй кешенінде тұратын тұрғындар үшін аялдама қажет екенін айтты. Әсіресе бұл мәселе қыс айында өзекті болып отыр. Бұған қоса, аталған тұрғын үйдегілер «Белес» құрылыс компаниясына да өкпесін жеткізді. Бұл серіктестік тұрғын үйді салу кезінде қажетті өрт қауіпсіздігі нормативтерін сақтамағанға ұқсайды.
– Бірінші сұрақ бойынша аудан басшысына тапсырма берілді. Мұның шешімі жоқ емес. Ал екінші мәселеге қатысты төтеншеліктер тексеріс жүргізгені дұрыс. Ал «Белес» компаниясымен бүгін менің орынбасарым кездеседі. Егер сіз айтқандай, мәселе толық анықталса, ол компания барлығын қалпына келтіруі тиіс, – деп жауап берді өз кезегінде Жеңіс Қасымбек.
Бұдан соң аудан тұрғындары тарапынан салынған тұрғын үйлердің ішкі аумағына қатысты заңсыз өзгерістерді, электр қондырғыларының жөнсіз қойылуы, қоқыс жәшіктерінің дұрыс орналаспауы, су мен кәріз жүйесі айтылды. Сондай мәселенің бірі – «Отау» мөлтек ауданында «Жайлы мектеп» жанынан жолдан өту қауіпсіздігі және автотұрақ салу.
– «Отау» мөлтек ауданындағы «Жайлы мектеп» жанындағы жолдан өту қауіпсіздігі туралы мәселе өте орынды. Алдағы екі айда ауданда «Сергек» камералары орнатылып, аудан әкімдігі тарапынан қауіпсіздікке қатысты бұл мәселе шешіледі. Екінші – автотұрақ жайлы айтсақ, жалпы «Отау» мөлтек ауданында осы мәселе күрделі. Жабық автотұрақ атымен жоқ, ашық автотұрақтар тым аз. Алдағы уақытта тамыз айында шығатын Бас жоспарға елордадағы автотұрақтарды көбейтуді енгіздік. Жалпы ауданның инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстары назардан тыс қалмайды, – деді қала әкімі.
АЙНАЛАҢ ТАЗА БОЛСЫН…
Сарайшық ауданында құрылыс қарқыны қатты. Бірақ жүріп жатқан құрылыс алаңдарындағы кейбір жұмыстар баяулап тұр әрі кейбір жұмыстардың сол маңда тұратын тұрғындарға да қаупі болуы мүмкін. Аталған мәселеге қатысты Жеңіс Махмұдұлы аудан әкіміне тапсырма беріп, құрылысқа қатысты мәселені өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Жиында ономастика мен көше атаулары жайы да, сондай-ақ аудандағы кейбір тұрғын үй иелерінің тұрақты есепке тіркеу сияқты жұмыстардың атқарылуы жөнінде де мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, тұрғындардың бірі Ж.Нәжімеденов көшесі бойындағы құрылыс кесірінен бір шақырымға жуық бүлінген жол мен сол маңайдағы су айдындарына заңсыз тасталып жатқан қоқыстарға қатысты сұрақ қойды. Бұған аудан басшысы Мақсат Саматұлы «Қоқыс мәселесіне келсек, біз осы кезге дейін полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бірнеше рейд өткіздік. Заңсыз қоқыс тастаған көптеген көлікті ұстадық. Бұл жұмыстар тоқтамайды» десе, қала әкімі Жеңіс Қасымбек былтыр ғарыш-мониторинг нәтижесі бойынша 400-ден астам заңсыз қоқыс орны анықталғанын, оның 85 пайыздан астамы жойылғанын айтты. Ал қалғандары мамыр айының соңына дейін тазартылмақ. Бүлінген жолды қайта қалпына келтіруге салалық басқарма басшысы өз уәдесін берді. Көтерілген мәселенің тағы бірі – жастар жайы. Аудан шеткі аймақта орналасқандықтан, мұнда синтетикалық есірткі жарнамасы көптеп кездеседі. Ал осында тұратын ата-аналар балалары үшін бұған алаңдайтынын жеткізді. Екіншіден, көшелерді әлі де жарықтандыру мәселесі сөз болды. Сондай-ақ үш ауысымдық мектеп, ыстық тамақ, интернет нашарлығы, балабақшадағы ұзын-сонар кезек әрі оған қатысты ваучерлік жобаның кейбір әлсіз тұстары да айтылмай қалмады. Соңғы мәселеге қатысты Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. – Айтылған мәселелердің барлығы тексеріледі. Былтыр 8 үш ауысымдық мектеп болды. Сондай-ақ 24 мектепті іске қостық. Ал биыл 15 мектеп пайдалануға берілмек. Жалпы жыл соңына дейін үш ауысыммен оқыту мәселесі шешіледі, – деді кездесуде елорда әкімі.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР – НЫСАНАДА
5 сағатқа созылған кездесуде Жеңіс Қасымбек аудан басшысы Мақсат Саматұлына айтылған әр түйінді мәселемен тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ұсыныстар мен сұрақтар бойынша тиісті салалық басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Ал артынша шаһар басшысы өзінің Facebook, Instagram әлеуметтік желі парақшасында Сарайшықта көтерілген мәселелердің шешімі табылатынын жазды.
«…Біз үшін аудандарды әлеуметтік нысандардың құрылысын назарға ала отырып дамыту өте маңызды. Мәселен, Сарайшық ауданындағы 9 учаскеде тұрғын үй кешені мен бизнес-орталықтардың мақсатын әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша, спорт және медицина нысандары, гүлзарлар) ауыстырдық. Қазір бұл ауданда тағы 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр, сондай-ақ биыл «Отау» шағын ауданында емхана құрылысы жоспарлануда. Сол сияқты газдандыру, көше жарығын жүргізу, аялдамалар орнату және т. б. жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл қалада аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандыру, көгалдандыру, сондай-ақ жол жөндеу бойынша ауқымды жұмыс бар. Аталғанның барлығы Сарайшық ауданында да жүргізіледі. Көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды. Біз оларды қысқа, орта және ұзақ мерзімді деп бөлеміз. Мұндай кездесулер қаланың барлық ауданында өтеді» деді шаһар басшысы.
Қорыта айтсақ, құрылғанына бір жыл енді толатын жаңа әрі жас аудан – Сарайшықта мәселе жоқ дей алмаспыз. Бірақ уақыт өткен сайын аумағын кеңейтіп жатқан аудан болашақта өз даму деңгейін арттыра беретіні сөзсіз.
Ержан ҚОЖАС