Жуырда Астана қаласы Байқоңыр аудандық ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушылары ондаған жыр кітаптарының авторы, белгілі ақын, аудармашы Әбжан Әбілтаймен кездесті.
Ақынның 75 жылдығына орай оқырмандармен кездесуді белгілі педагог, жазушы Маржан Пірімбетова ұйымдастырды. Жүздесуге келген Қайсар Әлім, Орынбек Жолдыбай, Қуат Құрмансейіт, Мұхарбек Жәкей, Баян Бұлғақбаева, Ғалия Балтабай, Сұлтанғали Бейсекей сияқты белгілі қаламгерлер Әбжан Әбілтайдың ақындығының бастауы, шығармашылығының ерекшелігі туралы кеңінен толғады.Астана қаласы Байқоңыр аудандық ұзақ өмір сүру орталығының бұл іс-шараға тиянақты дайындалғаны сахнаның әсем безендірілуі мен ақын өлеңдеріне жазылған әндердің шырқалуы, музыка шығармаларының аспаппен шебер орындалғанынан байқалып тұрды. Концерт бағдарламасын қандас өнерпаз қарындасымыз Әскергүл Есерхан Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашты. Белгілі күйші, дирижер, Мәдениет саласының үздігі Тұрсынбек Әлмағанбетовтің авторлық орындауында мерейтой иесінің адами болмысын айқындап, аша түсетін «Ер Әбжан» атты күй толғауымен тыңдарманды тәнті етті.
Күйші-композитор, бірнеше республикалық байқаудың жүлдегері Қайырғали Әбішевтің тартқан үйі мен мерейтой иесінің «Махаббат туралы» өлеңіне жазылған романсы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театрының жетекші актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылболат Смағұловтың орындауында Абайдың «Сегіз аяқ» әні, жас композитор Кеңес Ғапбасовтың «Күзгі романсы» көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Жүздесу барысында мерейтой иесі Әбжан Әбілтай оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің кейін жазған жаңа өлеңдерін оқыды. Астана қаласы Есіл аудандық ұзақ өмір сүру орталығының директоры Марат Мұстафиннің атынан құттықтау оқылып, иығына шапан жабылып, басқа да ескерткіш сыйлықтар табысталды. Екі сағатқа созылған шығармашылық кездесу мазмұнды, әсерлі өтті.
Бақытбек БӘЙТЕМІРОВ,
Астана қаласының тұрғыны