Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері жылыту маусымына дайындық барысына мониторинг жүргізді. Мониторинг «Астана қаласында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту туралы» мәселені Қоғамдық кеңес отырысында қарау аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мониторинг барысында Қоғамдық кеңес мүшелері елорданың жылу энергетикасы кешенінің бірқатар нысандарын аралап, олардың алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысты. Атап айтқанда, Қоғамдық кеңес мүшелері ТЭЦ-2-ге барып, негізгі басқару қалқанын қарап, станцияның қазіргі қызметі туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, ТЭЦ-3 нысанында болып, кәсіпорынның өндірістік жұмысы мен жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.
Бұдан бөлек, «Алматы» ауданындағы «40-я станция» тұрғын алабында орналасқан қазандыққа барып, нысанның техникалық жағдайы мен алдағы маусымға дайындығы қаралды. Мониторингтің тағы бір нысаны «Астана-Теплотранзит» АҚ диспетчерлік қызметі болды. Мұнда жылу желілерінің жұмысын бақылау, авариялық жағдайларға жедел әрекет ету және жылу энергиясын тұтынушыларға тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету жұмыстары туралы ақпарат берілді.

Қоғамдық кеңес мүшелері жылу энергетикасы нысандарының тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі елорданың үздіксіз жылумен қамтылуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қаладағы жылу энергетикасы инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Астана қаласы энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Исмағұловтың айтуынша, қазіргі уақытта ТЭЦ-7-8 қазандық кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қазіргі таңда ТЭЦ-7-8 қазандық кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл нысан күн санап кеңейіп келе жатқан қаланы жылу энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттырады. Құрылысты келесі жылдың соңына дейін аяқтап, нысанды іске қосу жоспарланып отыр», – деді Мақсат Исмағұлов.
Жаңа жылу энергетикасы нысандарының іске қосылуы елордадағы жылу қуатының тапшылығын азайтып, қаланың жаңа аудандарын жылумен қамту мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, «Астана-Теплотранзит» АҚ 2026–2029 жылдары «Энергетикалық және коммуналдық саланы жаңғырту» (MEKS) ұлттық жобасы аясында елорданың жылу жүйесін кезең-кезеңімен дамыту мен жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Қоғамдық кеңес бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстап, жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуіне қатысты мәселелерді алдағы отырыстарда қарауды жалғастырады.
