Бұрынғы әріптесіміз Бейбіт Оспанның фәниден бақиға озғанына бір айдан асып барады. Жадыраған жаздың алғашқы күні дәм-тұзы таусылып, 60 жасына жиырма күндей қалғанда келмес сапарға аттанды. Мерейтойына орай мерейін тасытатын мақала жазамыз ба деп ойлаған едік... Енді естелік жазуға мәжбүрміз.
«Астана ақшамы» газетінде аз ғана уақыт бірге жұмыс істедік. Одан кейін ол «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігіне ауысып кетті. Бұл ұйымда жауапты хатшы болып қызмет істеді. Газетке ардагерлерге қатысты дүние керек болса, Бейбіт Тынымбайұлынан сұрайтын едік. Көп күттірмей, жылдам беретін. Бірлестіктің елеулі жаңалықтары болса, өзі де жазатын. Биыл аталмыш ұйымның басшылығы ауысты. Соны естіп, Бейбіт аға неге үндемей жатыр деп ойладық. Сөйтсе, жаман ауру иектеп жүр екен ғой. Біз одан хабарсызбыз. Ешкімге салмақ салғысы келмеді, ауыр дертпен үнсіз күресті. Сөйткен қалпында жалғанға қош айтып, кете барды.
Біздің есімізде үнемі күліп жүретін бейнесі, жылы жымиысы қалды. Ардагерлер ұйымына қызметке бекерден-бекер бармады, нағыз ел патриоты болды. Қазақ тіліне келгенде жанып түсетін. Бұған Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт ұстаздарымен бір Торғай топырағында туғаны әсер еткен секілді. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ» деп ұран салғандай, Бейбіт Оспан ұлтым деп жүрді. Әлеуметтік желіге жазған пікірлерінен бұл ерекше байқалатын. Тілінің тотияйыны да бар еді. Бұл да талай айтқыштар шыққан Торғайдың қасиетті топырағынан жұқса керек.
Бейбіт Оспан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінен түлеп ұшты. Оқу орнын тәмамдаған соң, жолдамамен сол кездегі Целиноград қаласына келді. Еңбек жолын өзіміздің «Астана ақшамы» (сол уақытта «Ақмола ақиқаты») газетінен бастады. Облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») басылымында журналистік шеберлігін шыңдады. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінде істеді. Сосын «Астана ақшамы» газетіне қайтып оралды. Бейбіт Тынымбайұлымен біздің танысып, бірге жұмыс істеген – сол кез.
Бейбіт Оспан ақын да еді. Өлеңдеріне жазылған әндер қазір шырқалып жүр. Соның ішінде Жанат Темірованың «Ақ шағала» әні елге кең таралды. Бұл әнді өзіміз мектеп оқушысы кезінде алғаш естідік. Аталмыш туынды «Үкілі үміт» байқауында жүлделі орынды иеленді. Танымал әнді кейіннен Нәби Аймұратов Ақбота Керімбековамен дуэтте, Саят Медеуов, Ержан Максим секілді белгілі әншілер шырқады.
Қазіргі композиторлармен де шығармашылық қарым-қатынаста болды. Атап айтқанда, Кентау Назарбекпен тандемде «Ата-ана аманаты» әні дүниеге келді. Бұл туынды Кенжебек Жанәбіловтің репертуарына енді. Халық Ризабекпен бірге жазған «Ұрпаққа өсиет» әнін Нұрлан Өнербаев айтып жүр. Бейбіт Оспан туған жеріне арнап жазған «Байғабылым – ақ махаббат бесігі» әніне Қайырғали Әбіш әдемі әуен тудырды.
Көрнекті ғалым Темірбек Қожакеев Бейбіт Оспанның диплом жетекшісі болды. Ұстазы шәкіртін ғылымға да тартқысы келді. Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Жылқыбай Жағыпарұлы сынды қаламын шыңдаған ұстаздары болмағанда, белгілі ғалым болар ма еді... Бұл жайында Бейбіт Оспан Жылқыбай Жағыпарұлы туралы жазған «Ақжүрек азамат еді» мақаласында былай деп еске алған еді:
«Алматы қаласындағы қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазМУ-ды тәмамдап, жас маман ретінде жан-жаққа жолдама алдық. Ол кезде жастарға астанамыз Алматыда қалуға мүмкіндік шектеулі еді. КСРО саясаты қазақтардың қалаға орнығуына қарсы болды. Мен еңбек жолымды Алматы қаласында бастамақ болған шешімімді күрт өзгертіп, сол кездегі Целиноград қаласына аттанбаққа бекіндім... Көп ұзамай «Ақмола ақиқаты» атты Целиноград қалалық газетінің редакциясына орналастым. Газеттің жаңадан ашылған кезі. Қала тұрғындарының дені өзге ұлт өкілдерінен құралғандықтан, қазақ оқырмандары мүлде жоқтың қасы. Қоғамдық көлік ішінде бес-алты қазақ отырамыз. Бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлесе қалсақ, орыстар өре түрегеліп, жеп қоя жаздайды. Не керек, арындаған көңілім су сепкендей басылды. Жұмыстан шығу жөнінде арызымды жазып, «Алматы, қайдасың?» деп тартып отырдым. Алматыға келісімен ұстазым, диплом жетекшім, көрнекті ғалым Темірбек Қожакеевке мән-жайды толық баяндап бердім. Ол кісі көмек қолын созатынын, ғылыммен айналысатынымызды айтып, қошеметтеп қойды. Не керек, жұмыстан біржола есеп-қисабымды алмақ болып, Целиноградқа қайта келдім. Редакциядағы тілші жігіт Қуат Мақашев арызыма қол қойылмағанын, менімен облыстық «Коммунизм нұры» (кейін «Арқа ажары» болып өзгерді) газетінің басшылары бірауыз тілдеспекші екенін айтып, соғып кетсең қайтеді деді. Содан саясат және әлеуметтік мәселелер бөлімінің меңгерушісі Жылқыбай ағаның алдынан бір-ақ шықтым. Ол кісі мені газеттің бас редакторы Октябрь Әлібековке алып барды. Сәлден соң бас редактордың орынбасары Жомарт Әбдіхалықов, жауапты хатшы Бәдуан Имашев, Баймұрат Есмақанов, Төлеген Ілдебай, Аманкелді Жұмабеков, Марат Дәдікбай ағаларым келді... Мен Целиноградта қазақ зиялылары жоқ деп налып жүргенде, солардың ортасына қалай топ ете түскенімді аңғармай қалдым. Содан бас редактордың кабинетінде Жылқыбай аға сөз алып: «Сен баланы ешқайда жібермейміз. Облыстық газетке қызметке тұрасың. Жат жерге келген қазақтың бір баласы жылап кетті деген жүрекке түскен сызатпен бірдей. Біздің азаматтығымызға үлкен сын, қарағым. Арқада біздей ағаларың отырғанда сені жіберіп қойып, бейқам жүре алмаймыз, айналайын. Қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз. Қазір аптыққан көңіліңді басып, үйіңе барып жиырма күн демалып кел» деді. Уағдаласқан межелі мезгілде келгенімде, жөндеуден өткен мұнтаздай таза жатақхананың бір бөлмесін дайындап, бәрін шешіп қойыпты. Содан екі-үш ай өтпей жатып, орталықтан пәтер алуға септігін тигізді».
Ұстазы Жылқыбай Жағыпарұлы өмірден озғанда қалай күйзелгенін, соңғы сапарға шығарып салу қамымен және тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнату үшін қалай жүгіргенін өз көзімізбен көрдік. Екі жарым жылдан кейін өзі де ұстазының соңынан аттанып кетті. Артында отбасы, жақсы аты, өлеңдері, сөздеріне жазылған әндер қалды. Жарқын бейнесі ұмытылмайды деп ойлаймыз.