Бүгін елімізде Абай күні аталып өтіп жатыр. Биыл ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толды. Ұлы ойшылдың есімі ел өмірінде кеңінен ұлықталған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда Абай есімін иеленген 19 мыңға жуық адам бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сонымен қатар Абайдың аты бір облысқа, бір қалаға, 3 ауданға, 26 ауылға берілген.
Еліміздің әр өңірінде ұлы ақынның есімімен аталған 1231 көше, даңғыл және өзге де нысан, сондай-ақ 125 мекеме бар.
Абайға деген құрмет оның есімімен ғана емес, ескерткіштері мен мүсіндері арқылы да көрініс тапқан. Қазақстанда ұлы ойшылға арналған 55 нысан бар. Оның 27-сі – ескерткіш, 28-і – бюст.
Абай мұрасы Қазақстанмен ғана шектелмейді. Ұлы ойшылға арналған ескерткіштер, бюсттер мен өзге де нысандар 20-дан астам мемлекетте бой көтерген. Олардың қатарында Ресей, Германия, Франция, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Бразилия және Орталық Азия елдері бар.
Айта кетейік, Рио-де-Жанейродағы Абай бюсті – Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығындағы ұлы ойшылға арналған алғашқы нысан.
Абай есімі – ұлт руханиятының ғана емес, әлемдік мәдени мұраның да бір бөлігі.